Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Астанада жүргізуші 220 млн теңге айыппұл жинап алған

Астанада патрульдік полицияның арнайы батальоны қызметкерлері Tank маркалы автокөлікті тоқтатты. Белгілі болғандай, көлік иесінің жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұл қарызы 220 миллион теңгеден асып кеткен.

Астанада жүргізуші 220 млн теңге айыппұл жинап алған
Фото: baribar

Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Бөгенбай батыр даңғылының бойында болған. Көлікті 40 жастағы қала тұрғыны тізгіндеген. Ол көлік тиесілі компанияда жұмыс істейді және автокөлікті қызметтік мақсатта жүргізіп жүрген.

— Тексеру барысында ер адамның жол ережесін үнемі бұзып келгені анықталды. Алайда айыппұлдарын төлеуден жалтарған, – делінген департамент таратқан хабарламада.

Қазіргі таңда көлік арнайы айыптұраққа жеткізілді, ал жүргізушіге қатысты атқарушылық іс қозғалды. Материалдар сот орындаушыларына жолданып, енді олар қарызды заң аясында өндірумен айналысады.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде полицейлер екі айдың ішінде 131 рет жол ережесін бұзған шетелдік нөмірлі көлік жүргізушісін ұстаған еді. Оның айыппұлдарының жалпы сомасы – 3,5 миллион теңге. Бұл көлік те айыптұраққа қойылған болатын.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату