Фестивальдің басты ұраны - «Таза болу - бұл жаңа тренд». LEVEL UP-тың өзге іс-шаралардан айырмашылығы - оның мәнінде. Мұнда музыка, би, шоу элементтері тек сыртқы қабат. Нағыз мағына - жастардың өзін табуына, шынайы қарым-қатынас орнатуына, зиянды әдеттерден алшақ болуына жағдай жасау.
Қоғамда есірткі қылмысы мен тәуелділікке қатысты мәселелер ушығып тұрған сәтте, LEVEL UP батыл ұстаным ұсынады: мәдениет пен сананың күшімен қарсы тұру. Бұл фестивальдің атмосферасында есірткі, алкоголь немесе жасырын желілер жоқ. Оның орнына - ашық диалог, сергектік, таза орта, қауіпсіз әрі қолайлы жағдай.
Фестиваль ұйымдастырушылары бұл шараны ата-аналар сеніп жібере алатын жастар кеңістігіне айналдырғысы келеді. Мұнда тек көңіл көтерілуі емес, адами қарым-қатынастың сапасы маңызды.
LEVEL UP аясында еліміздің ең танымал орындаушылары өнер көрсетеді: Ninety One, Say Mo, Айқын, Adresov, Alem, Brooklyn және тағы басқа хедлайнерлер. Сонымен қатар, серіктес ұйымдар ұйымдастыратын интерактив аймақтар, сергітетін ойындар мен заманауи форматтағы белсенді платформалар да фестиваль бағдарламасына енеді.
LEVEL UP - бұл уақытша әсер емес. Бұл - жастардың санасында қалатын, болашаққа көзқарасын қалыптастыратын жаңа мәдени кеңістік.