XXIX IPAAF – Apoxiomeno кинофестивалі – жыл сайын өнер, кино және мәдениет саласындағы үздік туындыларды марапаттайтын беделді алаң. Бұл жолы отандық фильм «Үздік фильм», «Үздік ер адам рөлі» (Ербол Төлепберген), «Үздік режиссура» және «Үздік сценарий» (Қанағат Мұстафин мен Жанат Қасабеков) номинациялары бойынша жеңімпаз деп танылды.
Тарихи туынды Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Фильмнің режиссері Қанағат Мұстафин бұл жобаны 2012 жылы қолға алған. Ұзақ жылдарға созылған зерттеу мен дайындықтан соң, түсірілім жұмыстары 2020 жылы басталып, фильм былтыр көрерменге жол тартты.
Фильмнің негізінде – әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмір жолы. Ол күрестің бірнеше түрінен – халықаралық, Ресейлік, Бүкілодақтық додалардан жүлде алып, 50-ге жуық медаль мен марапатқа ие болған. Қажымұқан – ұлттық мақтанышқа айналған тұлға.
Айта кетейік, IPAAF – Apoxiomeno кинофестиваліне биыл 30 жыл толды. Бұл алаңда әлеуметтік мәні жоғары, көркемдік сапасы биік, мәдени құндылығы зор туындыларға ерекше басымдық беріледі. Фестиваль тарихында әлемнің түкпір-түкпірінен келген белгілі өнер шеберлері марапат алып үлгерген. Енді сол қатарда «Қажымұқан» фильмі де бар.