Диплом қалтада, Glovo арқада: Қазақстандағы жасырын жұмыссыздар кімдер?
Қазақстанда соңғы жылдары еңбек нарығында жаңа құбылыс тамыр жайып келеді – жасырын жұмыссыздық. Бұл – ресми түрде жұмыссыз деп тіркелмеген, бірақ тұрақты әрі заңды жұмысы жоқ адамдар тобы. Әсіресе, жастар арасында фриланс, курьерлік қызмет, такси жүргізу сияқты уақытша не бейресми табыс табу жолдары кең етек жайды.
Ресми жұмыссыз емес, бірақ тұрақты жұмысы да жоқ
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жұмыссыздық деңгейі 4,8% шамасында. Алайда бұл – тек тіркелген жұмыссыздар. Шын мәнінде, жұмыс күшіне жарамды, жоғары білімі бар, бірақ тұрақты еңбек шартынсыз жүргендердің нақты саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Диплом бар, жұмыс жоқ
– Бізде жас мамандар нарыққа шыққан кезде сұранысқа ие салаларға бейімделмеген мамандық иелері көп болады. Сонымен қатар, еңбек өтілі жоқ мамандарды жұмысқа алғысы келмейтін жұмыс берушілер де бар. Нәтижесінде, олар курьерлікпен, такси жүргізумен, т.т. күн көреді, – дейді әлеуметтанушы Мейрам Ерлан.
«Фриланс – өзіңе қожа болудың жолы»
Ал кейбір фрилансердің уәжі басқа:
– Университеттен кейін кеңсеге қамалғым келмеді. Instagram-ға видео монтаждап берем, SMM боп істеймін. Ақша бар, еркіндік бар. Бірақ «ресми жұмыс істемейсің» деп ипотека бермейді, – дейді 25 жастағы фрилансер Айзере Қабыш.
Фриланс – қазіргі заман талабына сай жұмыс түрі. Десе де, ресми тіркелмеген табыс көзі, әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы аударымдарының болмауы болашақта қиындық тудыруы мүмкін.
Мемлекет не істей алады?
Бейресми жұмыс істейтін жастардың саны артқан сайын, бұл құбылысты назардан тыс қалдыруға болмайды. Олар заңнан тыс табыс тауып жүрген жоқ, тек икемді жұмыс формасын таңдаған. Сондықтан мемлекет бұл топты заң аясында мойындап, оларға арналған арнайы әлеуметтік жүйе қалыптастыруы керек. Мысалы, тіркелудің жеңіл жолдарын ұсынып, салықтық жеңілдіктер қарастырса, фрилансер мен курьерлер де өзін еңбек нарығының толыққанды мүшесі ретінде сезінер еді.
Жасырын жұмыссыздық – тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде күшейіп келе жатқан құбылыс. Оған технологияның дамуы, икемді жұмыс формалары мен цифрлық платформалардың таралуы әсер етіп отыр. Алайда ресми жұмыспен қамтылмаған халықтың саны артқан сайын мемлекеттің салық түсімі азаяды, зейнетақы жүйесіне салмақ түседі.
Қорыта айтқанда, жастардың бейресми еңбекке бет бұруы – ерік емес, амал. Бұл үрдісті елемей қоюға болмайды. Мемлекет пен қоғам бірігіп, фрилансерлер мен курьерлерге заңды негіздегі еңбек мәртебесін беру, әлеуметтік қолдауға жол ашу тетіктерін қарастыруы қажет. Әйтпесе, ертеңгі күні бүгінгі "еркіндер" кедейлердің қатарын толықтырып кетуі мүмкін.