Жаңа заманның сынағы — адамгершілік пен ақша
«Кальмар ойыны» — қазіргі қоғамның ащы шындығын ашып көрсеткен әлеуметтік драма. Сюжетте қарызға белшесінен батқан адамдар өмір мен өлім арасында таңдау жасауға мәжбүр болады. Балалар ойыны секілді басталатын жарыстар біртіндеп нағыз тозаққа айналады. Бұл арқылы режиссер «қазіргі қоғамда адам өмірі арзан, ал ақша бәрінен қымбат» деген ойды алға тартады.
Капитализмнің қысымындағы адам
Сериал авторы Хван Дон Хёк бұл туындыны 2008 жылғы қаржы дағдарысынан кейін жазған екен. Өзінің де тұрмыстық қиындық көргені белгілі. Жобаны он жыл бойы ешбір продюсер қабылдамаған. Автордың айтуынша, бұл туындыны жазуға түрткі болған – қоғамдағы әділетсіздік, бай мен кедей арасындағы алшақтық, адамгершілік пен ақша арасындағы мәңгілік тартыс.
Ойын — капиталистік жүйенің символы. Адамдарға таңдау бар сияқты: қаласа — ойнайды, қаламаса — кетеді. Бірақ сырттағы өмір одан да ауыр. Бұл — «таңдау бар сияқты, бірақ шын мәнінде жоқ» деген философиялық тұжырым.
Еркіндік пе, әлде елес пе?
Ойыншылар келісімшартқа қол қойып, өз еркімен қатысқандай көрінеді. Бірақ сериал көрсеткендей, бұл — еркіндіктің елесі. Қоғамда да солай: біз өз шешімімізді өзіміз қабылдап жатқандаймыз, ал шын мәнінде жүйе бізді басқаруда.
Көрермен мен қатысушының орны ауысады
Сериалдың қызықты тұсы — көрерменнің өзі де қатыгездікке үйреніп кетеді. Әр бөлім сайын біреудің өліміне куә боламыз, тіпті оған үйреніп те кетеміз. Бұл — шынайы өмірдегі сезімсіздікке жасалған ишара. Әлеуметтік желідегі қайғы, жаңалықтардағы зорлық біз үшін біртіндеп «контентке» айналған жоқ па?
Қарапайым ойын — күрделі философия
«Ләңгі», «бес асық» немесе арқан тартыс сияқты ойындар — бейкүнә балалықты еске түсіреді. Бірақ сол ойындардың өмір үшін күреске айналуы — балалық шақтың да қоғамдағы қатігездікпен уланғанын көрсеткендей.
Адамдарға сенуден бас тартпау
Сериалдың соңында басты кейіпкер Сон Ки Хун мен құпия ұйымдастырушы О Ил Нам арасындағы диалог — бүкіл оқиғаның түйіні іспетті. Ил Нам: «Сен әлі де адамдарға сенесің бе?» деп сұрайды. Бұл — жай ғана реплика емес, қоғамға қойылған терең сұрақ.
О Ил Нам адамдарды өз мүддесінен басқа ештеңені ойламайтын, қиындықта бір-бірін сатып кететін әлсіз тіршілік иесі ретінде көреді. Ал Сон Ки Хун — барлық қиындыққа қарамастан, адамгершілік пен мейірімнен бас тартпаған кейіпкер. Оған өмірін аман алып қалуға мүмкіндік берілсе де, өзгелерге опасыздық жасаған жоқ. Бұл — адамның жан дүниесінде жақсылыққа орын бар екенін дәлелдеу.
Жақсылықты көру, риясыз жақсы көру, адамдарға сену — сериал көтерген ең маңызды, бірақ көп байқалмайтын тақырыптардың бірі. Бұл – бүгінгі күдікшіл, сенімге сараң қоғамға бағытталған үндеу.
Қорытынды
Иә, «Кальмар ойыны» — эффектке, визуалға, эмоцияға толы жоба. Бірақ ол тек қызық үшін емес, ойлану үшін түсірілген. Ақша үшін ардан, өмір үшін бауырдан бас тартуға мәжбүр қоғам жайлы терең толғаныс. Бәлкім, бұл сериалды қайта қарау керек болар — тек адреналин үшін емес, адамдық болмыс пен сенім туралы ойлану үшін.