Шиеленіске қатысушы елдердің негізгі шешім қабылдаушы тұлғаларының барлығы дерлік – 70 жастан асқан. Олар шамамен бір кезеңде туған және ұқсас геосаяси дәуірде қалыптасқан көшбасшылар.
АҚШ:Дональд Трамп – 78 жас
Израиль:Биньямин Нетаньяху – 74
Иран:Аятолла Али Хаменеи – 86
Масуд Пезешкиян – 69 жас
Ресей: Владимир Путин –72 жас
Түркия: Режеп Тайып Ердоған – 70 жас
Қытай: Си Цзиньпин – 71–72 жас
Ең жасы – Иран президенті Масуд Пезешкиян (69 жаста). Ең үлкені – Иранның Жоғарғы көсемі Аятолла Али Хаменеи (86 жаста).
Дональд Трамп – АҚШ президенті
Саяси бағыты: Израильдің басты одақтасы ретінде Иранға қарсы ұстанымда. 22 маусымда Иранның ядролық нысандарына соққы жасауға бұйрық берді. Бұл әрекет халықаралық қауымдастықта "ескерусіз тәуекел" ретінде бағаланды.
Ерекшелігі: Популист, ұлтшыл, изоляционизмді жақтайды. 80 жасқа таяғанына қарамастан, белсенді саяси риторикамен көзге түседі. Ресми мәлімдемелерін тікелей әлеуметтік желі арқылы жариялайды. Дегенмен, ұстанымдарын жиі өзгертетін саясаткер ретінде танымал. Мәселен, бастапқыда "Иран мен Израиль арасындағы шиеленіске екі апта ішінде жауап береміз" дегенімен, екі күн өтпей жатып Тегеран соққы жасады.
Биньямин Нетаньяху – Израиль премьер-министрі
Саяси бағыты: Израиль тарихындағы ең ұзақ қызмет еткен премьер-министр. Қауіпсіздік пен әскери қуатқа сүйенетін саясатты ұстанады. Иранға қарсы әскери қимылдарды жақтайтын негізгі тұлғалардың бірі.
Ерекшелігі: Ядролық қауіптің алдын алу мақсатында әуе және кибероперацияларды басқарған. Оның тұсында Израиль Газа, Сирия және Иран бағытында бірнеше әскери операция жүргізді.
Аятолла Али Хаменеи – Иранның Жоғарғы көсемі
Саяси бағыты: 1989 жылдан бері елдің Жоғарғы жетекшісі. Теократиялық режимнің идеологы. АҚШ пен Израильге түбегейлі қарсы.
Ерекшелігі: Иранның ядролық бағдарламасын қолдайды және соғыс жағдайында барлық стратегиялық шешімді өзі қабылдайды. Оның сөзі Иранда конституциялық заңнан да жоғары есептеледі.
Масуд Пезешкиян – Иран президенті
Саяси бағыты: 2024 жылы сайланған. Реформашыл және салыстырмалы түрде жұмсақ позицияны ұстанады. Түрлі этнос пен жастар арасынан қолдау тапқан.
Ерекшелігі: Қақтығысты бәсеңдетуге тырысады, бірақ Иранда шешуші билік Жоғарғы көсемнің қолында болғандықтан, ықпалы шектеулі. Сонымен қатар, Иран тарихында түркі өкілі ретінде президенттікке сайланған алғашқы тұлға.
Режеп Тайып Ердоған – Түркия президенті
Саяси бағыты: Ұлттық-консервативті және исламшыл бағытты ұстанады. Түркияны өңірлік держава ретінде көрсетуге ұмтылады.
Ерекшелігі: Ашық соғысқа қатыспайды, бірақ Газа, Сирия мен Иранға жанама қолдау көрсетіп келеді. Түркияның қорғаныс өндірісін күшейтті. "Жаңа Осман" идеясының жақтаушысы ретінде танымал.
Владимир Путин – Ресей президенті
Саяси бағыты: Батысқа қарсы бағытталған, орталықтандырылған билік моделі.
Ерекшелігі: Иранға дипломатиялық қолдау көрсетеді. АҚШ пен Израильге қарсы ақпараттық және саяси қысым жасайды. Украинамен соғыс жағдайында болса да, Таяу Шығыста белсенді қатысып отыр.
Си Цзиньпин – Қытай төрағасы
Саяси бағыты: Прагматикалық, жабық модель. Экономикалық экспансия мен "Бір белдеу – бір жол" бастамасын алға тартады.
Ерекшелігі: Қақтығысқа тікелей араласпайды. Бірақ Қытай үшін Таяу Шығыстағы тұрақтылық пен энергетикалық қауіпсіздік шешуші маңызға ие. Қытай тарихында үшінші мерзімге қалуға мүмкіндік алған алғашқы басшы.