Оқиға 14 маусым күні түстен кейін болған. Той сағат 16:00-ге таман басталғанда, кенеттен электр жарығы өшіп қалады. Қонақтар мен асаба жарық қайта қосылады деп күткен. Алайда, уақыт өте келе үміт үзіле бастаған.
«Жастар – менің достарым. Екеуі менің туған күнімде танысқан еді. Жігіт жақтың тойына бара алмадым, сол себепті ұзатуға арнайы келдім», – дейді Ернар.
Жағдайдың ушығып бара жатқанын көрген Ернар бір ай бұрын ғана сатып алған BYD Song Plus гибрид көлігінің қуатын пайдалануды ұсынады. Бірақ бастапқыда той иелері сене қоймайды – генератор келеді деп күткен.
«Көлігімнің электр қуатын музыкалық аппаратураға бердім. Жарық пен кондиционерге қоспадық – тәуекел етпедік. Бірақ музыка ойнай бастағанда, тойдың шырайы қайта кірді. Жарықтың жоқтығы онша білінбей қалды», – дейді ол.
BYD Song Plus – гибрид көлік
Бұл көлік – қытайлық BYD компаниясының гибрид үлгісі. Электр қуатымен де, бензинмен де жұмыс істей алады. Ернар Сейтахметтің айтуынша, қуат азайған кезде көлік өздігінен бензин арқылы аккумуляторды қайта зарядтап отырған, сондықтан той біткенше 4-5 сағат бойы музыкалық аппаратураны үздіксіз қуаттандыруға мүмкіндік болған. Кешке қарай ғана жарық қайта қосылыпты – қыз ұзатылып жатқанда.
BYD көліктері соңғы жылдары Қазақстанда да танымал бола бастады. Олар үнемділігімен және қосымша қуат көзі бола алатынымен ерекшеленеді.
Көлікке еш зиян келмеген. Көлік те, той да – дін аман. Бұл оқиғадан кейін Ернар электрокөліктердің болашағына сенімі артқанын жасырмайды.
«Қандай инновация шықса да, алдымен тойда сынап көретін халықпыз ғой. Бұл жолы электрокар дәл тойда керекке жарады», – дейді ол әзіл-шыны аралас.
Бұл оқиға электромобильдердің күнделікті өмірде ғана емес, күтпеген жағдайларда да пайдасын тигізе алатынын көрсетті. Тек көлік қана емес, заманауи технологияның өзі тойдың шырайын келтіретін дәуірге келдік, сірә.