weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Серіктестер
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Қазақстанда орташа зейнетақы небәрі 102 теңгеге өсті

2025 жылдың басынан бері республикалық бюджеттен қазақстандық зейнеткерлерге 1,7 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Елдегі зейнеткерлердің саны да артып келеді: 1 маусымдағы мәлімет бойынша, олардың қатары 2 млн 481 мың адамға жеткен — бұл өткен аймен салыстырғанда 10 мың адамға көп, деп хабарлайды newsroom.kz.

Қазақстанда орташа зейнетақы небәрі 102 теңгеге өсті
Фото: inbusines

Зейнетақы мөлшері сәл көтерілгенімен, өсім аса мардымсыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 2025 жылғы 1 маусымдағы орташа жиынтық зейнетақы көлемі — 143 502 теңге. Оның ішінде:

  • еңбек (солидарлық) зейнетақысы – 95 814 теңге,
  • базалық зейнетақы – 47 688 теңге.

Салыстырмалы түрде айтсақ, мамырда орташа зейнетақы 143 400 теңге болған. Яғни айырмашылығы — небәрі 102 теңге.

Министрліктің мәліметінше, жыл басынан бері:

  • базалық зейнетақыға – 564,7 млрд теңге,
  • еңбек зейнетақысына – 1 трлн 181,2 млрд теңге жұмсалған.

Айта кетейік, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақылар қайта есептелген болатын: базалық зейнетақы 6,5%, ал еңбек зейнетақысы 8,5% өсіп, болжаулы инфляция деңгейінен жоғары болды.