Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

«Мисс Қазақстан» байқауына трансгендерлер де қатысатын болды

«Мисс Қазақстан» республикалық сұлулық байқауы биыл жаңа форматта өтпек. Ұйымдастырушылар 90-60-90 сынды ескі өлшемдерден бас тартып, қатысушылардың сырт келбетіне ғана емес, харизмасы мен болмысына да мән берілетінін айтты. Ең қызығы — байқаудың финалы Алматы метросының жер астындағы станциясында өтеді.

«Мисс Қазақстан» байқауына трансгендерлер де қатысатын болды
Фото: Алматф коммуникациялар қызметінен

Байқаудың шарттары туралы Алматы коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Мисс Қазақстан» байқауының директоры Айжан Рузаева мәлімдеді.

— Біз үшін сұлулықтан бұрын адамның ішкі әлеуеті, жарқындығы маңызды. Байқауға бойы 165 см-ден асқан, жасы 18-ден жоғары кез келген бойжеткен қатыса алады. Ешқандай жарна талап етілмейді. Қатысушылар өңірде болсын, республикалық деңгейде болсын, ақша төлемейді. Біз ешкімге шектеу қоймаймыз. Егер трансгендер қыз өзін осы байқауға лайық сезінсе, қатысуға толық құқығы бар. Бұл — таңдау еркіндігі. Сол сияқты, егер plus size (үлкен көлемді) бойжеткен келсе де, егер ол харизмасымен, тартымдылығымен көзге түссе — қабылдаймыз. 90-60-90 деген стандарттардан әлемдік байқаулар әлдеқашан бас тартты. Біз де солардың жолымен келеміз, — деді Рузаева.

Алайда байқауға қатысушылар үшін бір ғана нақты талап бар: үміткер қыздар тұрмыс құрмаған және баласы болмауы тиіс. Рузаеваның айтуынша, отбасылы әйелдерге арналған жеке жобалар бар — мысалы, «Миссис Қазақстан».

Финалдың метро станциясында өтуі де — ұйымдастырушылардың ерекше шешімі.

— Алматы метросы — қаланың негізгі күретамыры. Ал біздің байқаудың биылғы тақырыбы — «Таңдау еркіндігі». Адам метроға түскенде өз жолын таңдайды. Біз де өткен байқауларға, бұрынғы ұйымдастырушыларға құрметпен қараймыз. Бірақ жаңа буын ретінде өз бағытымызбен жүріп келеміз, — деді байқау жетекшісі.

Финалдық шоу 1 желтоқсан күні түнгі сағат 00:00-де басталады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, метро жұмысына еш кедергі келтірілмейді — дайындық жұмыстары тек түнгі, метро жабылған уақытта өтеді.

Финал — жабық форматта өтетін түнгі іс-шара. Метро станциясына тек арнайы шақыртумен ғана кіруге болады. Қауіпсіздік қатаң сақталады: металл іздегіштер мен сканерлерден өту міндетті. Шақырылған қонақтардың саны 90-нан аспайды. Олардың қатарында сарапшылар, медиа саласының өкілдері, блогерлер және журналистер болады.
Байқауды тіке эфирде көруге болады — ол бірнеше телеарна мен онлайн платформалар арқылы көрсетіледі.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату