Әлеуметтік желіде аудан әкімдігінің қызметкерлері өздерін жұмыс орындарынан шығарып жібергенін айтып, шағымданды. Айтуларынша, олар бұл ғимаратта шамамен 20 жыл бойы отырған. Бұрынғы иесі – «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы. Жергілікті жұрттың айтуынша, жаңа қожайын — аудандық мәслихаттың бұрынғы төрағасы Бақытжан Қадралин болуы мүмкін.
Orda.kz дерегінше, Мұғалжар ауданының әкімі Дарған Ермағанбетов ғимарат кімге өткенін нақты білмейтінін айтып, алайда бес бөлімнің кеңседен шығарылғанын растапты.
– Бізге ғимараттың сатылғаны жөнінде еш хабар берілмеді. Бес бөліміміз сол жерде кабинеттерді жалдап отырған. “CNPC-Ақтөбемұнайгаз” компаниясы бізге не келісімді бұзу, не мүлікті сату туралы алдын ала ескертпеген. Бұл туралы алғаш болып жаңа иесі хабарлады. Содан кейін біз ғимаратты босаттық. Кей бөлімдерді басқа мекенжайларға орналастырдық, қалғанына өзге ғимараттардан кеңсе жалдауға тура келді. Ол нысан ешқашан әкімдікке тиесілі болған жоқ, біз тек жалға алып отырғанбыз. Қазір кімге, қаншаға сатылғанын білмейміз, – деді әкім Ермағанбетов.
Айта кетейік, ғимараттың ықтимал жаңа иесі – бұрынғы мәслихат төрағасы Бақытжан Қадралин бүгінде қамауда отыр. Оған мемлекет қаржысын ірі көлемде жымқырды деген күдікпен тергеу жүргізілуде. Тергеу дерегінше, Қадралин бұрынғы жатақхананы тұрғын үй ретінде көрсетіп, оны мемлекетке сатқан. Бұл келісімнің кесірінен аудандық әкімдік 672 млн теңгеден айырылып, аудан әкімі сөгіс алған.
Мұғалжар ауданында мемлекеттік мүліктің жеке меншікке өтіп кетуі алғаш рет болып отырған жоқ. Аудан әкімдігінің ресми дерегі бойынша, 1990 жылдары Қандыағаш қаласында 14 мемлекеттік балабақша болған. Қазір тек үшеуі ғана жұмыс істеп тұр, қалған 11 ғимарат жекешелендіріліп, тұрғын үйге айналған.