Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Астанада жас архившілердің VIII Халықаралық Жазғы мектебі басталды

2025 жылғы 10 маусымда Астана қаласындағы Президент Архивінің жаңа ғимаратында жас архившілердің VIII Халықаралық Жазғы мектебі өз жұмысын бастады. Жазғы мектептің тақырыбы Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бастамамен тығыз байланысты. Президент өз сөзінде ұлттық цифрлық мұрағат құрып, оны еліміздегі және шетелдердегі нейрожүйе жасаушылардың еркін пайдалануына мүмкіндік беру қажеттігін атап өткен болатын. Осыған орай биылғы жас архившілердің VIII Халықаралық Жазғы мектебі «Архивтердің цифрлық трансформациялануы және деректік мұраны сақтау» тақырыбында өтуде. Іс-шараға 100-ден аса отандық және шетелдік мамандар қатысады, деп хабарлайды newsroom.kz.

Астанада жас архившілердің VIII Халықаралық Жазғы мектебі басталды
Фото: Президент Архивінің баспасөз қызметі

Биылғы Жазғы мектепке Ресей, Қырғызстан, Молдова Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген мамандармен қатар, еліміздің орталық, облыстық (14 облыс) және қалалық (Астана, Алматы, Шымкент) архив мекемелерінің өкілдері де қатысуда. Сонымен қатар, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «архивтану және құжаттану» мамандығында оқып жатқан студенттер де бар. Президент Архиві жас архившілердің біліктілігін арттыруға бағытталған бұл халықаралық білім беру жобасын Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесе жүзеге асырып келеді.

Жазғы мектептің ашылу салтанатында ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы Бақытжан Сариевтің құттықтау сөзін ҚР Президенті Әкімшілігі Жалпы бөлімінің меңгерушісі Ербол Адаев оқыды. «Бүгінгі Жазғы мектеп тақырыбы аса өзекті болып отыр. Архивтердің қызметін цифрландыру арқылы біз тарихи-құжаттық мұрамыздың ұзақ мерзімде сақталуын қамтамасыз етіп, оларға қолжетімділікті арттыру мүмкіндігіне ие боламыз. Бұл өз кезегінде ашық азаматтық қоғам құру міндеттеріне қызмет ететін «ашық архив» қағидасын жүзеге асыруға да өз септігін тигізеді. Жазғы мектеп барысында шетелдік және отандық архивтердің білікті мамандары мен жас қызметкерлердің арасында аталған тақырыптың өзекті бағыттары бойынша пайдалы тәжірибе алмасулар жүзеге асып, архивтердің қызметін заманауи тұрғыда жетілдіру бойынша құнды пікірлер орын алатынына сенімімді білдіремін», - деді ол.

Өз кезегінде ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина Жазғы мектеп өткізілген сегіз жыл ішінде 1200-ден астам жас маман біліктілігін арттырғанын атап өтті.

«Архивтердің цифрлық трансформациялануы – бұл тек техникалық процесс қана емес, мәдени және институционалды өзгеріс. Ол архивтердің қазіргі әлемдегі рөлін қайта қарауды талап етеді. Цифрландыру арқылы архивтер динамикалық білім орталықтарына айналып, ғаламдық ақпараттық кеңістікке интеграцияланады, сонымен бірге өткеннің құжаттарын болашақ ұрпақ үшін сенімді сақтауға мүмкіндік береді. Бүгінгі форум аясында осы мәселелер бойынша мазмұнды пікір алмасу өтетініне сенімдімін. Қатысушылар қазіргі уақыттағы негізгі мәселелерді талқылап, өзара тәжірибе алмасады деп ойлаймын», - деді директор.

Сонымен қатар Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің ғылыми және жобалық жұмыс жөніндегі проректоры О.В. Павленко, Өзбекстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы «Узархив» агенттігінің директоры У.М. Юсупов, Бүкілресейлік құжаттама және архив ісі ғылыми-зерттеу институтының директоры П.А. Кюнг жазғы мектеп жұмысына сәттілік тіледі.

Биылғы Жазғы мектеп жұмысына құрметті қонақтар бар. Олардың қатарында қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының, мемлекеттік органдарының өкілдері бар: Бүкілресейлік құжаттама және архив ісі ғылыми-зерттеу институтының директоры П.А. Кюнг , әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы және ректоры Ж.Қ. Түймебаев, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Р.Әли, Өзбекстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы «Узархив» агенттігінің директоры У.М. Юсупов және т.б.

Жазғы мектептің бағдарламасы дәстүр бойынша лекциялар, интерактивті сессиялар, тренингтер мен практикалық сабақтарды қамтиды. Қатысушылар архив саласындағы өзекті мәселелер саналатын цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, машиналық оқыту әдістерін талқыламақ. Маңызды іс-шаралардың қатарында тиімді команда басқару бойынша тренинг, архивтік құжаттарды цифрландыру бойынша практикалық сабақ, шеберлік сыныптары, жобалармен жұмыс және «Astana Hub» технопаркіне экскурсия ұйымдастырылмақ.

Форум аясында Қазақстан мен шетелден келген жетекші ғалымдар мен архившілер қатысушыларға баяндамалар жасайды. Мысалы, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті Тарих және архив институтының басқаруды құжаттамалық қамтамасыз етудің автоматтандырылған жүйелері кафедрасының меңгерушісі М. Ларин Цифрландыру жағдайында Ресей Федерациясында құжат айналымын басқарудың нормативтік базасын дамыту жөнінде айтып береді. Аталған университеттің Тарих және архив институтының басқаруды құжаттамалық қамтамасыз етудің автоматтандырылған жүйелері кафедрасының доценті О. Букреева, «Ресей архивтерінде электрондық архивтермен жұмысты әдістемелік қамтамасыз ету» тақырыбында лекция оқиды. Astana IT University «Artificial Intelligence» ғылыми-инновациялық орталығының директоры Б.Әбдікенов Архив ісінде VLM-модельдерді (Vision Language Model) қолдану және әзірлеу тақырыбына тоқталады.

Жазғы мектеп жұмысы 13 маусымға дейін жалғасады.

 

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату