Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Астанаға алғашқы LRT вагондары жеткізілді

Бүгін, 9 маусымда City Transportation Systems компаниясы елордаға жеңіл рельсті көліктің (LRT) алғашқы жылжымалы құрамдарының келгенін көрсететін видеоны жариялады, деп хабарлайды newsroom.kz.

Астанаға алғашқы LRT вагондары жеткізілді
Фото: CTS

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек 8 маусымда алғашқы екі құрамның елордаға жеткізілгенін мәлімдеген болатын.

– Астанаға жеңіл рельсті көліктің алғашқы құрамдары жеткізілді. Әр құрам төрт вагоннан тұрады. Олар Қытайдың Таншань қаласында жасалған. Вагондар арнайы жабдықталған автотрайлерлермен жеткізілді. Жол ұзындығы 5300 шақырымнан асады, бағыты Қытай мен Қазақстан аумағы арқылы өтті. Жол 10 күнге созылды. Вагон секциялары зауытта кранмен тіркемелерге тиеп салынды. Бүкіл жол бойында жүктің қауіпсіздігі мен бекітілуі қатаң бақылауда болды, – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

LRT құрамдарының ерекшеліктері:

Жалпы ұзындығы 60 метрге жуық бұл құрамдар GOA 4 деңгейіндегі автоматтандырылған жүйемен жабдықталған. Ол жүйе:

  • есіктердің автоматты ашылып-жабылуын,
  • тоқтау мен қозғалыс жылдамдығын,
  • депоға кіріп-шығуын,
  • техникалық жай-күйін бақылауды,
  • пойыздар арасындағы қашықтықты реттеуді қамтамасыз етеді.

– Бұл құрамдар толық автоматтандырылған. Басқару процесі жүргізушісіз жүзеге асады, алайда диспетчерлер тарапынан тұрақты мониторинг жүргізіледі. Жылжымалы құрам жеңіл әрі берік заманауи материалдардан жасалған. Бұл жолаушыларға жайлы қозғалыс пен дыбыстық жайлылықты қамтамасыз етеді, – делінген ресми хабарламада.

Техникалық сипаттамалары:

Ұзындығы – 59,97 м

Ені – 2,8 м

Биіктігі – 3,8 м

Қуат көзі – үшінші рельс, 750 В

Сыйымдылығы – 600-ден астам жолаушы

Ең жоғары жылдамдығы – 80 км/сағ

Орташа пайдалану жылдамдығы – 39,5 км/сағ

Салмағы – 94 тонна (жолаушыларсыз)

Компания өкілдерінің айтуынша, вагондарды сатып алу және жеткізу EPC-шарт аясында жүзеге асырылған. Бұл үшін бюджеттен қосымша қаржы бөлінбеген.

 

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату