Жаңа талап бойынша, Қазақстан азаматтары Ресейге сапарын алдын ала хабарлап, электронды түрде өтініш беруі тиіс. Бұл өтінішті елге кірмей тұрып кемінде 72 сағат бұрын тапсыру керек. Егер сапар шұғыл себеппен (мысалы, туыстың қайтыс болуы немесе ауруы) жасалса, өтінішті 4 сағат бұрын беруге рұқсат етіледі.
Мигранттарды қадағалауға арналған қосымша
Өтініштер арнайы әзірленіп жатқан "Госуслуги RuID" атты қосымша арқылы қабылданады. Бірақ қазіргі уақытта бұл қосымша дайын емес және App Store мен Google Play-де жоқ. Сарапшылардың айтуынша, бағдарлама тек маусым айының соңына таман іске қосылуы мүмкін.
Ресейге бара жатқан қазақстандықтар бұл қосымшаны жүктеп алып, жеке кабинетінен сапар мақсатын көрсетіп, жеке мәліметтерін (фото, болу мерзімі және т.б.) енгізуі тиіс. Барлық ақпаратты дұрыс толтырғаннан кейін QR-код беріледі, оны шекарадағы қызметкерге көрсету керек. Адвокаттар интернет болмауы мүмкін екенін ескеріп, QR-кодтың скриншотын алып жүруге кеңес береді.
"Бұл — визалық жүйенің жеңілдетілген, электронды түрі", — дейді миграция мәселелері бойынша сарапшы Валентина Чупик. Оның айтуынша, бұл жүйе шекарадан өтуге тыйым салынған адамдарға алдын ала ескерту жасайды. Бірақ, сонымен бірге, егер бас тарту болса, оның себебін түсіну немесе шағымдану қиындайды.
QR-код талап етілмейтіндер:
Ресейге виза алып келетін өзге елдердің азаматтары
Дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері
6 жасқа дейінгі балалар
Уақытша тұруға/мекендеуге рұқсаты барлар
Беларусь азаматтары (одақтас мемлекет есебінде)
Ал қалған шетелдіктер, соның ішінде қазақстандықтар, 2025 жылдың 30 маусымынан бастап QR-кодсыз Ресейге кіре алмайды. Қосымша іске қосылмаса да, өтініш пен QR-код міндетті.
Қырғызстан СІМ түсініктеме берді
Қырғызстан СІМ ресейлік тараптың түсіндірмесіне сүйеніп:
"Егер QR-код болмаса, шекарадан өтуге кедергі болмауы мүмкін. Бірақ алдын ала өтініш бермегендерге шекарадан өту қиынырақ болады, ұзақ күтулер болуы мүмкін. Сондықтан QR-код алған дұрыс", – дейді Қырғызстан СІМ өкілі Алмазбек Байбосов.
Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстан сыртқы істер министрліктері бұл ережелерге қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
QR-код – кепіл емес
Газета.Ru-дың жазуынша, QR-код алу Ресейге кіруге толық кепілдік бермейді. Соңғы шешімді шекара қызметкері қабылдайды. Егер биометриялық мәліметтер сәйкес келмесе немесе өтініш мүлде берілмесе — кіруге тыйым салынуы мүмкін.
Ресей шектеулерді қатаңдатып жатыр
Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің хабарлауынша, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ресейлік заңнамаға сәйкес, қазақстандықтардың Ресейде болу уақыты қысқарған. Бұрын 180 күн ішінде 90 күн болуға рұқсат етілсе, енді тек бір жылда 90 күн ғана қалуға болады. Бұл шектеу тек жұмыс істеуге, оқуға, уақытша тұруға немесе баспана сұрауға келгендерге қолданылмайды.
Биометриялық мәліметтер жиналады
2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Мәскеудің халықаралық әуежайларында (Домодедово, Шереметьево, Внуково, Жуковский) және Орынбор облысындағы Маштаково шекара бекетінде қазақстандықтардан фото мен саусақ іздері алынуда.
2025 жылдың 30 маусымынан бастап бұл талап барлық шекара бекеттерінде күшіне енеді. Әр азамат үшін "сандық профиль" жасалады, ол "Госуслуги RuID" қосымшасында да көрсетіледі.
Ескерту: кейбір шөптерді алып өту – қылмыс
Қазақстанның елшілігі Ресейге кіру кезінде есірткіге жататын немесе ұқсас шөптерді алып өтпеуге шақырады. Адраспан (гармала) сияқты өсімдіктер үшін 1–3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, ал топпен алып өткендер үшін — 8 жылға дейін.
Қазір Ресейге бару барған сайын күрделеніп барады. Қазақстандықтарға алдын ала өтініш беріп, QR-код алу, биометриялық мәлімет тапсыру, сапар мақсатын нақты көрсету міндетті бола бастады. Сондықтан жолға шықпас бұрын ресейлік заңнамамен мұқият танысып, өз деректеріңізді тексеріп алған жөн.
Елшілік шекарадағы тосын жайлар мен кіруге тыйым салыну қаупін азайту үшін, РФ ІІМ онлайн-сервисі арқылы өз мәртебеңізді тексеруге кеңес береді. Бірақ оның жауабы ресми құжат болып саналмайды, нақты мәліметті тек РФ ІІМ аймақтық бөлімшелері береді.