— Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапары жеке, бейресми сипатта өтті. Оны Ресей Президенті Владимир Путинмен көпжылдық достық қарым-қатынас байланыстырады. Бұл байланыс мемлекеттік лауазымның бар-жоғына қарамастан сақталып отыр, — деді Айдос Үкібай.
Оның айтуынша, Тұңғыш Президент түрлі елдердің көшбасшыларымен — телефон арқылы сөйлесіп, хат алмасу және жеке кездесулер арқылы байланыс орнатуды жалғастырып келеді. Бұл мемлекеттер қатарында Ресей ғана емес, сондай-ақ Түркия, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Беларусь және өзге елдер де бар. Мұндай форматтағы байланыс халықаралық тәжірибеге сай келеді және ұзақ жылдардағы мемлекеттік қызмет аясында қалыптасқан жеке қарым-қатынастарға негізделеді.
— Белгілі саяси тұлғалармен, олардың мемлекеттік лауазымы болмаса да, жеке кездесулер өткізу — қалыпты дипломатиялық тәжірибе. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен күні Ресей Президенті Жапонияның марқұм Премьер-министрі Синдзо Абэнің жесірі Акиэ Абэмен де жеке кездесу өткізді, — деді баспасөз хатшысы.
Сондай-ақ Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаев Жеңістің 80 жылдығына арналған шараларға шақырылғанын атап өтті. Алайда белгілі себептерге байланысты ол ресми іс-шараларға қатыса алмаған. Сол себепті Мәскеуге кейінірек — жеке сапармен барған.
— Тағы бір нақтылай кететін жайт: Нұрсұлтан Назарбаев тұрақты түрде Қазақстанда тұрады. Оның елден кетті деген ақпараттары шындыққа сәйкес келмейді, — деді Айдос Үкібай.