Жарылыстан кейін бірден өрт тұтанып, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар шұғыл түрде іске кірісті. Жылыой ауданы әкімдігінің мәліметінше, апат орнында өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары жедел ұйымдастырылды.
Жарылыс себебі әлі белгісіз.
Алғашқы мәліметтер бойынша бес адам түрлі жарақатпен аудандық орталық ауруханаға жеткізілген болатын. Кейін бұл сан артты.
Атырау облысы әкімдігі 14 адамның жараланғанын хабарлады. Олардың барлығы Жылыой аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Науқастардың өміріне қауіп жоқ.
– 10 адам ауруханаға жатқызылды
– 4 адам амбулаторлық бақылауда
– 7 адамның жағдайы – орташа ауыр,
– 3 адам – жеңіл жарақат алған.
Қайғылысы – екі адамның өмірі қиылды.
Атыраудан қосымша дәрігерлер мен күйік орталығының мамандары арнайы жіберілді. Барлық зардап шеккендерге толық көлемде медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Атырау облыстық полиция департаменті аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастап кетті. Полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, аумақты қоршап, шұғыл қызметтердің жұмысын үйлестіруде. Көлік қозғалысына бақылау орнатылып, кезекшілік ұйымдастырылған.
Жағдай облыс басшылығы мен төтенше жағдайлар қызметінің толық бақылауында.