Қыз алып қашу қаншалықты дұрыс? Шариғат не дейді?
Қыз алып қашудың үкімі қандай? Кейде өздері келісіп қашады, кейде зорлықпен алып қалады? Бұл дұрыс па? Осы сауалдарға ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі жариялаған ақпаратқа сәйкес жауабын назарға ұсынамыз,- деп хабарлайды newsroom.kz
Қыз алып қашу – өз заманында қоғамның қажеттілігіне орай пайда болған үрдіс. Қалыңдықты құда түсіп алуға шамасы келмеген отбасылар өзара келісіп, қызды алып қашуға рұқсат берген.
Енді қазіргі қоғамдағы қыз алып қашудың көріністері мен шариғаттағы үкімін атап өтсек. Қыз алып қашудың негізгі көріністері мыналар:
• Қызды бір көріп, оның еркінен тыс қалыңдық етемін деп зорлықпен алып қашу;
• Алып қашу қыздың келісімімен болады, бірақ қыздың әке-шешесі оған қарсы.
• Құдалық шараларын атқаруға шамасы келмеген отбасылар өзара келісіп, қызды алып қашуға рұқсат береді.
Бұлардың шариғаттағы үкімі:
• Қызды еркінен тыс зорлықпен алып қашу шариғатқа қайшы. Оған дәлел: Біріншіден, некелесіп отбасын құру аса жауапты қадам, ол – адам баласының ұрпағы қияметке дейін жалғасу үшін шариғаттың бекітіп қойған заңдарының бірі. Неке қиюды Алла Тағала Қасиетті Құранда ауыр серт, берік уәде деп атаған: «Екеуің ең баста өзара келіссеңдер және әйел сендерден берік уәде алса (некеге отырса), одан қалай ғана қалыңмал қайтарып аласыңдар?».
Неке дұрыс болу үшін оның арнайы рүкіндері мен шарттары орындалуы тиіс. Рүкіні - ижаб пен қабул (жігіт пен қыздың ризалықпен үйленуі). Некенің дұрыс болуының шарттары - уәлидің келісімі (қыздың әкесі немесе аға-інілері т.б.), екі куәгер және мәһір (қыздың сыйақысы) берілуі. Қыздың разылығы некенің басты рөлін атқарады. Ол жәйлі Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын):
«Қыз келісімін бермейінше тұрмысқа шықпайды», – деген.
Сонымен қоса, уәлидің (әкесінің, аға-інісінің) рұқсатынсыз да неке дұрыс болмайды. Міне, осы нұсқауларға байланысты қызды бір көре салып қалыңдық етемін деп зорлықпен алып қашу некенің негізгі рүкіндері мен шарттарына қайшы келеді.
• Бойжеткен – уәлиге аманат. Ата-анасы оны өзгеден қорғап, жауапкершілігіне мұқият қарауы, ойы жаман, ниет-пиғылы теріс адамдардан, тілдейтіндерден, сұқ көздерден қорғауы тиіс. Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «...Ер кісі өзінің отбасына басшы және оларға жауапты...»[3] – деген. Ал қызды алып қашу – біреудің аманатына қол сұғу.
• Ислам әйелдің дәрежесін көтеріп, құқықтарын қорғайды. Мұсылман қыз баласы сәби кезінде ана сүтін ему, бауырларының қамқорлығын көру, тәрбие алу құқығына ие. Тұрмысқа шықса, шариғатымыз еріне оның материалдық шығынын қамтамасыз етуді міндеттеді. Әйел сауда-саттық жасауға, білім алып, тәлім беру т.б. құқығына ие. Ал қыз алып қашу – оның құқығын, ар-намысын аяқасты етіп, еркіндігін шектеу. Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) қоштасу қажылығында Арафа күні Мина жазығында тұрып: «Расында, сендердің қандарың, мал-мүліктерің және ар-намыстарың бір-біріңе осы қасиетті (Мекке) қаласы, осы қасиетті (қажылық) айы, осы қасиетті (Арафа) күніндей қастерлі (қол сұғуға тыйым салынды)»[4], – деген.
• ҚР Ата Заңы және ҚР қылмыстық кодексі бойынша да мұндай әрекет қылмыс саналады. Адам ұрлау заңмен жазаланып, бас бостандығынан айырылады.
Жігіт қыздың келісімін ала отырып, алып қашады. Егер қыздың ата-анасы екі жастың үйленуіне орынды қарсылық танытса, бұлай үйлену шариғатқа қайшы.
Оған дәлел: Бірінші; ата-анаға бойұсыну, олардың разылығын алу парыз. Алла Тағала былай дейді: «Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті».Тирмизиден жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Алланың разылығы – әке-шешенің разылығында, ал Алланың қаһары – әке-шешенің ашуында», – деген.
• Ата-анаға бойұсыну, олардың разылығын табу үйленуден жоғары тұрады.
• Біреудің аманатына қол сұғу. Жоғарыда баяндағанымыздай, қыз – отағасының аманаты. Оның рұқсатынсыз, разылығынсыз қызды алып қашу біреудің аманатына қол сұғу болып есептеледі.
• Неке шарттарының бірі болып саналатын уәлидің рұқсатының болмауы.
Қалыңдықты құда түсіп алуға шамасы келмеген отбасылар өзара келісіп, қызды алып қашуға рұқсат береді. Бұл қызды алып қашуға болады дегенді білдірмейді.Бұл көріністің шариғатқа қайшылығы жоқ.
Айта кетелік, 2019–2023 жылдар аралығында қыз алып қашуға қатысты 214 қылмыстық іс қозғалған. Алайда олардың тек 10-ы ғана сотқа жеткен, қалғандары дәлелдің жеткіліксіздігіне байланысты тоқтатылған .
Әйелдер құқығын қорғау ұйымдарының мәліметінше, жыл сайын Қазақстанда шамамен 5 000 қыз алып қашу оқиғасы орын алады. Алайда олардың көпшілігі ресми түрде тіркелмейді .
Бұған дейін, Алматы маңында орын алған қалыңдық алып қашу рәсімі адам өлімімен аяқталғанын хабарлаған едік.