Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Sinooil бекеттері жанармайды толық құймай ма? Мемлекет бұл мәселеге қалай қарайды?

Бекеттердің алаяқтығы мемлекетке де, тұтынушыға да зиян. Бірақ компаниялар жауап беруге асығар емес.  

Sinooil бекеттері жанармайды толық құймайды деген ақпарат тарауда. Мәселенің анық-қанығын newsroom.kz тілшісі зерттеп көруге тырысты.

Sinooil бекеттері жанармайды толық құймай ма? Мемлекет бұл мәселеге қалай қарайды?
Фото: ашық дереккөзден

Жақында TikTok желісінде Sinooil жанармай құю бекетіне қатысты дау тудырған видео тарап кетті. Онда тұтынушы көлігіне құйылған жанармай көлемі көрсетілген мөлшерден аз екенін дәлелдеуге тырысқан. Бұл бір видеомен шектелмей, әлеуметтік желілерде Sinooil-ға қатысты сенімсіздік күшейе түсті. Ал жанармайды толтырмай құю — тек тұтынушыға емес, мемлекетке де зиян. Бұл туралы ресми органдар не дейді? 

Мемлекетке экономикалық шығын келеді

Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, жанармай бекеті жанармайды аз құйып, соған қарамастан толық төлем алса — бұл табысты жасыру болып есептеледі. Ал мұндай жасырын табысқа салық төленбейді. Яғни, бұл — мемлекетке тікелей экономикалық шығын.

Мысалы, Sinooil компаниясы 2024 жылы бюджетке 5,7 миллиард теңге салық төлеген. Бірақ жанармай көлемін әдейі азайту фактісі болса, онда бұл сомадан әлдеқайда көп қаржы көлеңкелі табыс ретінде қалып қоюы мүмкін.

Жанармай сапасы мен көлемін кім бақылайды?

Энергетика министрлігі ұсынған дерекке сәйкес, елімізде бензин мен дизельдің сапасы мен көлеміне қатаң талаптар бар. Олар Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенті мен мемлекеттік стандарттарға (МЕМСТ) негізделеді.

Бақылау бірнеше мемлекеттік органға жүктелген:

Энергетика министрлігі — мұнай өнімдерінің өндірілуі мен айналымына жауапты;

Техникалық реттеу және метрология комитеті — жанармайдың нақты өлшенуін, сапа мен көлемнің стандартқа сәйкестігін қадағалайды.

Ал заң бұзушылық анықталса, өңірлік жанармай жөніндегі штабтар іске кіріседі. Бұл штабтардың құрамында:

  • Бәсекелестікті қорғау департаменті,
  • Экономикалық тергеу қызметі,
  • Мемлекеттік кірістер комитеті,
  • Табиғи монополияларды реттеу мекемелері бар.

Олар алыпсатарлық, әдейі аз құю сияқты әрекеттерге тосқауыл қоюмен айналысады, - дейді Энергетика министрлігі.

Тұтынушының құқығы қандай?

Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің түсіндіруінше, егер бекет уәде етілген көлемде жанармай құймаса, тұтынушы:

  • жазбаша шағым түсіруге,
  • кеткен шығынды өндіріп алуға,
  • заңды жауапқа тартуды талап етуге құқылы.

Алдымен шағымды тікелей жанармай құю бекетіне жолдау қажет. Егер 10 күн ішінде жауап болмаса немесе өтемақы төлеуден бас тартса, тұтынушы екі ай ішінде Комитетке шағымдана алады, - деп жауап берді Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті.

Айта кетейік, 2024 жылы Тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне 62 561 шағым түсіп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 23%-ға артқан. Дегенмен, жанармай бекеттеріне қатысты нақты статистика әзірге жоқ.

Sinooil үнсіз қалды

Newsroom.kz редакциясы атышулы видеоға қатысты Sioonil компаниясының өзіне бірнеше рет сұрау жолдады, хабарласты, бірақ компания жауап беруден бас тартты. Нақтырақ айтқанда, өзін  бөлім басшысымын деп таныстырған Данияр Садықов "жауап береміз" деп сендіргенімен, бұл сөздің арты бос уәде болып шықты — арада бір ай өтсе де, компания үнсіз.  Бұл тұтынушылар арасындағы күмәнді күшейте түсуде.

Жанармайдың толық көлемде құйылмауы — жай ғана “ұсақ-түйек” емес. Бұл — тұтынушы құқығын бұзу, ал мемлекет үшін салықтан жалтару арқылы келген нақты экономикалық шығын. Қазіргі таңда бақылаушы органдар заңбұзушылықты анықтау үшін бірлесіп жұмыс істеп жатқанымен, Sinooil сынды ірі компаниялардың үнсіздігі қоғам тарапынан әділдікке деген сенімді әлсіретеді.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату