АҚШ-та оқығысы келетін шетелдік азаматтар F немесе M санатындағы виза алуы керек. Ал мұндай визаларға қажетті құжаттарды тек арнайы сертификаты бар оқу орындары ғана бере алады. Осылайша, Гарвард енді шетелдік студенттерді қабылдай алмайды, ал қазір білім алып жатқан шетелдік студенттер басқа оқу орындарына ауысуға немесе елден кетуге мәжбүр болуда.
Кристи Ноэм:
«АҚШ әкімшілігі Гарвард университетін зорлық-зомбылықты, антисемитизмді өршітіп, Қытай коммунистік партиясымен байланыс орнатты деп есептейді», – деді.
Оның айтуынша, шетелдік студенттерді қабылдау — жоғары оқу орындарына берілетін артықшылық, себебі олар шетелдіктерден жоғары оқу ақысын алады.
Гарвард университеті бұл шешімді Трамп әкімшілігінің заңсыз әрекеті деп атады.
«Біз Гарвардтың 140-тан астам елден келген халықаралық студенттер мен ғалымдарды қабылдау құқығын сақтауға толық ниеттіміз. Бұл кек алу әрекеті университет қауымдастығына және елге зор зиян келтіруі мүмкін, әрі Гарвардтың академиялық және ғылыми миссиясына қауіп төндіреді», – делінген университет мәлімдемесінде.
Өткен оқу жылында Гарвардта шамамен 7000 шетелдік студент білім алған, бұл жалпы студенттердің 27,2%-ынқұрайды.
Бұған дейін Трамп әкімшілігі университеттерге Израильдің Газа секторына жасаған әскери шабуылына қарсы наразылықтар үшін федералды қаржыландыруды қысқартатынын ескерткен еді. Трамп наразылық білдірушілерді АҚШ-тың сыртқы саясатына қауіп төндірушілер, антисемиттер және ХАМАС-ты қолдайтындар деп атаған.
Гарвард әкімшілігі Трамптың талаптарын қабылдамаған. Наурыз айының соңында АҚШ үкіметі университеттің 9 млрд доллар көлеміндегі мемлекеттік келісімшарттары мен гранттарын қайта қарауға шешім қабылдап, маска тағуға тыйым салу, әртүрлілік, теңдік және инклюзия бағдарламаларын жою талаптарын қойған. Осыдан кейін 2,3 млрд доллар көлеміндегі қаржы уақытша тоқтатылып, Гарвардқа шетелдік студенттерді қабылдауға тыйым салу қаупі төнген.
Университет өкілдерінің айтуынша, бұл талаптарды орындау Гарвард қауымдастығын үкімет бақылауына өткізіп, жеке меншік оқу орны ретіндегі негізгі құндылықтарына қайшы келеді. Осыған байланысты Гарвард АҚШ-тың федералдық сотына шағым түсіріп, қаржыландыруды қалпына келтіруді талап етіп отыр.