Енді камера бар жерде ғана баяу жүру көмектеспейді
Қазақстанда жарты жыл бойы жаңа жол ережесін бұзу түрі – орташа жылдамдықты асыру тіркеліп келеді, деп хабарлайды newsroom.kz.
Жол қозғалысы ережелеріне жаңа өзгеріс негізінен 2024 жылдың 4 желтоқсанынан бастап күшіне енген.
Орташа жылдамдық деген не?
Қазақстанның Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, көліктің орташа жылдамдығы – халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдың белгілі бір бөлігінің ұзындығын сол арақашықтықты жүріп өткен уақытқа бөлу арқылы есептелетін жылдамдық.
Сондай-ақ, Ережеде көрсетілгендей, көлік жылдамдығының белгіленген шегінен асуы арнайы сертификатталған, автоматты режимде жұмыс істейтін бақылау-өлшеу құрылғылары арқылы есептеледі немесе тіркеледі.
Айыппұл мөлшері қандай?
Орташа жылдамдықты асырғаны үшін жеке бап енгізілмеген. Алайда қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 592-бабы бойынша келесі айыппұлдар қарастырылған:
- 10-20 км/сағ асырса – 5 АЕК (18 460 теңге);
- 20-40 км/сағ – 10 АЕК (36 920 теңге);
- 40 км/сағ және одан көп – 20 АЕК (73 840 теңге);
- Бір жыл ішінде қайта бұзса – 30 АЕК (110 760 теңге);
- 60 км/сағ және одан көп – 40 АЕК (147 680 теңге).
Қай жолдарда орташа жылдамдық бақыланады?
2025 жылғы сәуір айындағы мәлімет бойынша, көлік құралдарының орташа жылдамдығын бақылау келесі тас жолдарда енгізілген:
- Астана – Щучинск (жылдамдық шегі 140 км/сағ);
- Астана – Павлодар (140 км/сағ);
- Шымкент – Қызылорда (110 км/сағ);
- Шымкент – Тараз (110 км/сағ);
- Павлодар – Семей – Қалбатау (100–110 км/сағ);
- Орал – Ресей шекарасы (Саратов бағыты) (100 км/сағ);
- Павлодар – Ресей шекарасы (Омбы бағыты) (100–110 км/сағ).
Қанша адам айыппұл алды?
ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаевтың мәліметінше, орташа жылдамдықты бақылау енгізілген жолдарда 15 мыңға жуық заң бұзу фактісі тіркелген.
Орташа жылдамдықты қалай түсінуге болады? – Полиция түсіндірмесі
Астана – Щучинск тас жолының ұзындығы – 239 шақырым. Оны жүріп өтуге шамамен 2,5 сағат қажет. Жол бойында әр 50–70 шақырым сайын бейнебақылау камералары орнатылған. Олар көліктің бір учаскеден екіншісіне дейінгі аралықты қанша уақытта жүргенін есептейді.
Мысалы, жолдың басында қатты жылдамдықпен жүріп, соңында бәсеңдеу арқылы камераны "алдау" мүмкін емес. Себебі жүйе жеке учаскелердегі орташа жылдамдықты да есептейді.
Сондықтан, жылдамдықты асырмай, жайлы әрі сабырмен жүру – қауіпсіз әрі айыппұлдан аман болудың ең тиімді жолы.
Статистика не дейді?
Депутаттардың айтуынша, жылдамдық режимін бұзу – ауыр жол-көлік оқиғаларының басты себебі. 2023 жылы жол апаттарынан қаза тапқандардың 41 пайызы және жарақат алғандардың 29 пайызы – жылдамдықты асыру салдарынан болған апаттарда зардап шеккен.