Министрліктің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 2 млн 471 мың зейнеткер бар.
— 2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақының орташа жиынтық мөлшері 143 400 теңгені құрады. Оның ішінде ортақ (солидарлық) зейнетақы — 95 784 теңге, базалық зейнетақы — 47 616 теңге, — деп хабарлады министрлік.
Жыл басынан бері республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 1 трлн 394,2 млрд теңге жұмсалған. Соның ішінде базалық зейнетақыға — 450,8 млрд теңге, ортақ зейнетақыға — 943,4 млрд теңге бағытталған.
Ведомство 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес (Ұлттық банктің есебі бойынша) базалық зейнетақы 6,5%-ға, ал ортақ зейнетақы 8,5%-ға (яғни, инфляциядан 2%-ға артық) өскенін еске салды.
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін күнкөріс минимумының 70%-ына, ал ең жоғарғысын 120%-ына жеткізу көзделген. Осыған орай, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 65%-дан 70%-ға (32 360 теңге), ең жоғарғысы 105%-дан 110%-ға (50 851 теңге) дейін артты, — деді министрлік өкілдері.
Сонымен қатар, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы әр адамға жеке тағайындалады. Бұл ретте зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі есепке алынады. Оған 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі мен міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер жатады.
Мәселен, егер адамның зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, не мүлде болмаса, базалық зейнетақы күнкөріс минимумының 70%-ын құрайды. Ал 10 жылдан асқан әр жыл үшін тағы 2% қосылады. Мысалы, 20 жылдық өтілде бұл көрсеткіш 90%-ды, 30 жыл және одан көп болған жағдайда – 110%-ды құрайды.
— Егер бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бір айда бірнеше мәрте жарна түссе де, ол бір айлық өтіл ретінде есептеледі. Сондықтан міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты әрі толық төленсе, зейнетке шыққанда базалық зейнетақының мөлшері де соғұрлым жоғары болады, — деп атап өтті министрлік.
Айта кетейік, 2025 жылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша зейнетақының орташа жиынтық мөлшері 143 622 теңге болған. Оның ішінде ортақ зейнетақы — 95 963 теңге, базалық зейнетақы — 47 659 теңге.