Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

«Ресейді санкциялармен қысымға алу керек» — Зеленский Трамппен және ЕО көшбасшыларымен сөйлескенін мәлімдеді

Ыстамбулда ұзаққа созылған келіссөздерден кейін Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Бұған дейін АҚШ басшысы тек өзі жеке сөйлескен жағдайда ғана Ресей-Украина қақтығысын тоқтатуда нақты ілгерілеу болуы мүмкін екенін айтқан болатын, деп хабарлайды newsroom.kz.

«Ресейді санкциялармен қысымға алу керек» — Зеленский Трамппен және ЕО көшбасшыларымен сөйлескенін мәлімдеді
Фото: Зеленскийдің Telegram-арнасынан

Путинмен кездесуден соң Трамп Мәскеу келіссөздерді әдейі созып отыр деп ойламайтынын жеткізді және жалпы алғанда қақтығысты бейбіт жолмен шешуге сенетінін айтты. Алайда Украина президенті Зеленскийді «оңай әңгімелесуші емес» деп атады.

Владимир Зеленский Трамппен ғана емес, сонымен қатар Еуропа елдерінің көшбасшылары — Макрон, Мелони, Мерц, Стубб және фон дер Ляйенмен де сөйлескенін мәлімдеді.

«Мен Трампқа Украина атысты толық және сөзсіз тоқтатуға дайын екенін растадым. Алайда егер ресейліктер адам өлтіруді тоқтатпаса, санкциялар күшейтілуі тиіс. Тек қысым ғана Ресей билігін бейбітшілікке итермелей алады. Бұл — бәріне түсінікті жайт. Украина Ресеймен тікелей келіссөздерге кез келген форматта, кез келген алаңда — Түркияда да, Ватиканда да, Швейцарияда да дайын. Біз үшін бастысы — нәтиже», — деді Зеленский.

Украина президентінің айтуынша, АҚШ-тың келіссөздерден шет қалмауы өте маңызды.

«Егер Ресей кісі өлтіруді тоқтатпаса, тұтқындарды және кепілге алынғандарды босатпаса, ал Путин шындыққа жанаспайтын талаптар қоя берсе, бұл соғысты әдейі созу деген сөз. Онда Еуропа, АҚШ және бүкіл әлем қосымша санкциялармен жауап беруі керек. Соғысты бастаған — Ресей. Сондықтан оны тоқтатуға да солар міндетті. Ал біз әрқашан бейбіт шешімге дайынбыз», — деп толықтырды ол.

Өз кезегінде Дональд Трамп Украинадағы қақтығысты «өзінің соғысы емес» деп атады:

«Бұл — менің соғысым емес. Мен тек көмектесуге тырысып жатырмын. Біз бұл соғысқа жүздеген миллиард доллар жұмсадық. Бірақ апта сайын мыңдаған адам қаза табуда...»

Трамптың өзге де мәлімдемелері:

Киевке қару-жарақ жеткізуді арттыру мүмкіндігін қарастырады, бірақ бейбіт шешімге сенеді.

АҚШ бұл соғысқа араласпауы керек еді, бұл — Еуропаның мәселесі.

Украина соғысты тоқтату үшін жеткілікті әрекет жасап жатыр ма — алдағы аптада бағалайтынын айтты.

Америкалық сарбаздар Украинада соғыспайды.

Айта кетейік, Түркияда өткен келіссөздер барысында Ресей мен Украина (ел басшыларының қатысуынсыз) тұтқындармен ауқымды алмасуға уағдаласты.

 

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату