Ресейдің Қазақстандағы Сауда өкілі Антон Логиновтың мәлімдеуінше, екі ел арасындағы ынтымақтастық тізімінде жалпы құны 53 миллиард доллардан асатын 170-тен астам инвестициялық жоба бар.
– Басты міндетіміз – ресейлік бизнесті қолдап, оның мүдделерін қорғау. Қазақстан – Ресей үшін өңірдегі маңызды серіктес, – деді ол.
Форум аясында Ресей Сауда және өнеркәсіп министрлігі мен Ресей–Қазақстан іскерлік кеңесі бірлесе ұйымдастырған дөңгелек үстелде қос елдің мемлекеттік органдары мен бизнес өкілдері бас қосты. Жиынға Қазақстанның Сауда және интеграция вице-министрі, Татарстанның Индустрия және сауда вице-министрі, сондай-ақ ірі және орта бизнес өкілдері қатысты.
Келіссөздердің негізгі бағыттары:
- Машина жасау,
- Энергетика,
- Жол және инфрақұрылым құрылысы,
- Жиһаз өндірісі,
- Сауда және басқа да салалар.
Кездесу қорытындысы ретінде Қазақстанға жиһаз өнімдерін жеткізу мақсатында өндірісті жолға қою бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
2024 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара тауар айналымы 27,8 миллиард долларды құрады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2,7%-ға артық. Сонымен қатар, Ресейдің Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестиция көлемі 4 миллиард доллардан асты.