Жаңалықтар

Мысыр әуежайында қаза тапқан қазақстандық кім екені белгілі болды

Мысырдың Шарм-эш-Шейх әуежайында қайтыс болған Scat әуе компаниясының жолаушысы – Қазақстанның ішкі істер органдарының ардагері Ақмарал Мұқанова екені белгілі болды, деп хабарлайды newsroom.kz.

«Ақмарал апа, мен бұған сене алмай тұрмын! Бұл қалай болғаны?! Бүгін Мысырда менің анамның жақын құрбысы, менің кіндік шешем өмірден өтті. Оқиғаның жай-жапсарын жаңалықтардан көрдіңіздер», – деп жазды жексенбі күні журналист Әнуар Шәлекенов әлеуметтік желідегі сторисінде.

Кейінірек ол тілшілерге берген түсініктемесінде, Мұқанова ұзақ жылдар полицияда қызмет атқарғанын, зейнетке шыққан соң Астанада тұрғанын айтты.

«Ол өте мейірімді, жүрегі кең жан еді», – деді Шәлекенов.

Бұған дейін Сыртқы істер министрлігі Шарм-эш-Шейх әуежайының ұшу залында ұшаққа отырғызуды күтіп отырған жолаушылардың үстіне жарнама тақтасы құлағанын хабарлаған болатын. Апат салдарынан бір қазақстандық әйел қаза тауып, тағы екі әйел жеңіл жарақат алған.