Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Азияда коронавирус қайта күшейді. Қазақстанда жағдай қандай?

Қазақстанда коронавирус инфекциясына байланысты қалыптасқан эпидемиологиялық жағдай жайлы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімет берді, деп хабарлайды newsroom.kz.

Азияда коронавирус қайта күшейді. Қазақстанда жағдай қандай?
Фото: ашық дереккөзден

Ведомствоның баспасөз қызметі қазіргі таңда жағдай тұрақты екенін, алайда мамандар елімізде де, әлем бойынша да аурушаңдықты апта сайын бақылап отырғанын атап өтті. Республика бойынша бір аптада орта есеппен 25-ке жуық жағдай тіркеледі.

«2025 жылдың басынан бері елімізде коронавирус инфекциясының 329 расталған жағдайы анықталды. Қайтыс болғандар жоқ. 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық 3,7 есеге азайған», – деді министрлік өкілдері.

Инфекциялық төсек-орындардың жүктемесі – 27%, ал жансақтау бөлімінде – 2%-ды құрап отыр. Қазіргі кезде аурухана жағдайында коронавируспен екі науқас ем қабылдап жатыр, екеуінің де жағдайы орташа ауыр деңгейде.

Министрлік мәліметінше, Қазақстанда және әлем бойынша 2022 жылы алғаш рет анықталған «Омикрон» нұсқасының штамдары айналымда әлі де бар.

«Омикрон» нұсқасында 30-дан астам мутация бар, ол аурудың жеңіл өтуімен сипатталады және әдетте стационарлық емдеуді қажет етпейді. Аурудың негізгі белгілері – жоғарғы тыныс жолдарының қабынуы, мұрыннан су ағу, тамақтың ауырсынуы, жөтел», – деп түсіндірді мамандар.

Басқа елдердегі аурушаңдықтың артуына байланысты Денсаулық сақтау министрлігі келесі сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:

Жедел респираторлық инфекциямен ауыратын адамдармен жақын байланыстан аулақ болу;

Ауырған адамдармен немесе олардың айналасындағы заттармен тікелей байланыстан кейін қолды жиі жуу;

Үй-жайларды жиі желдетіп тұру;

Ауру белгілері байқалса, дереу медициналық көмекке жүгіну.

Бұған дейін ғалымдар COVID-19 жұқтырған кейбір адамдардың кейін басқа ауруларға осал бола бастағаны жөніндегі гипотезаны растаған болатын.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату