Мерекелік безендіру арқылы сол бір тарихи кезеңнің рухы мен қаһармандарына деген тағзым көрсетілді. Вагондардың сыртына Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Рақымжан Қошқарбаев сияқты ел жадында қалған ерлердің портреттері мен алғыс сөздері бейнеленді. Сондай-ақ, жолсеріктердің киіміне тағылған жеңіс ленталары да мерекелік әсерді күшейте түсті.
Жолаушылар ерекше безендірілген пойыздарды қызығушылықпен қарсы алып, суретке түсіп, мерекелік көңіл-күймен бөлісті.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ дәстүрлі түрде мемлекеттік және ұлттық мерекелерге орай осындай арнайы жобаларды жүзеге асырып келеді. Бұл бастама халықтың тарихи санасын жаңғыртып, жолаушыларға ұмытылмас әсер сыйлайды.
Тақырыптық пойыздар мамыр айының соңына дейін қатынап, жолаушыларға соғыс жылдарының ерлік шежіресіне тағы бір үңілуге мүмкіндік береді.