Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Бәрекелді! Досаев ардагерлерді құттықтап жүр

9 мамыр қарсаңында Алматы әкімі Ерболат Досаев Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне барып, сыйлықтар табыстап, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтауын жеткізді,- деп хабарлайды newsroom.kz

Бәрекелді! Досаев ардагерлерді құттықтап жүр

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен ардагерлерге «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерейтойлық медалін табыс етті.

Ольга Андреевна Савенкоға 9 мамыр күні 102 жасқа толады. Алматыда 7 сынып тәмамдаған соң Ленинградтағы әскери байланыс училищесіне оқуға түскен. Майданға 1941 жылдың қыркүйегінде 18 жасында аттанып, Жеңіс күніне дейін борышын адал өтеген. Ол 1-ші және 2-ші Беларусь майдандарының байланыс полкінде қызмет етіп, Польшаны, Германияны азат етуге және Берлин үшін шайқастарға қатысқан. Көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Отан соғысы орденімен, «Кенигсбергті алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен және басқа да мерейтойлық наградалармен марапатталған.

Соғыстан кейін туған қаласына оралған ол өмірінің 57 жылын Алматы телеграфында жұмыс істеуге арнады. Жолдасымен бірге екі қыз тәрбиелеп өсірді. Жылы әрі жайлы атмосферада өткен кездесуге ардагердің немересі де қатысты. Әңгіме барысында Ерболат Досаев Ольга Андреевнаға бейбітшілік үшін алғыс білдіріп, оның өмір жолы баршамызға ерлік пен Отанға деген сүйіспеншіліктің үлгісі екенін атады. Қала әкімі шын жүректен ардагерді алдағы туған күнімен құттықтап, Ұлы Жеңіске қосқан баға жетпес үлесі үшін ризашылығын білдірді.

«Сізге қарап, көңілге қуаныш ұялайды. Сіздің көркем мінезіңіз бен өмірге деген құштарлығыңыз бізге шабыт береді – бұл өте маңызды. Ольга Андреевна, өзіңізбен қатар отырып, күлкіңізді көру – үлкен қуаныш. Қазіргі жастардың бойында сіздегі бар қуат пен сергектік дарысын. Сізге шын жүректен зор денсаулық тілеймін», – деді Ерболат Досаев.
 

Екатерина Александровна Барановаға кездесу де сондай жылы әрі жайлы жағдайда өтті. Әкімді ол пәтерінде жиенімен бірге қарсы алды.
Ардагер Курск облысында туып-өскен. Жеті сынып бітіргеннен кейін фельдшер мамандығы бойынша медтехникумға түскен. Туған жері жаудан азат етілген соң Екатерина Александровна әскерге шақырылып, 1-ші Украина майданына жіберілген. Ол лазаретте жараланған сарбаздарға қамқорлық көрсетті. Жеңісті Чехословакияның Карловы Вары қаласында қарсы алған.
Ерлігі мен жанқияр еңбегі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Праганы азат еткені үшін» медальдарымен және басқа да медальдармен марапатталған.

Соғыстан кейін жұбайымен бірге оның туған жері Қазақстанға қоныс аударып, ұл өсіріп, ұзақ жыл Министрлер кеңесі жанындағы ауруханада қызмет еткен. Қазірдің өзінде денсаулығына қарамастан, рухы мықты, санасы сергек.

Ерболат Досаев Екатерина Александровнаға отты жылдардағы жанқиярлық еңбегіне шексіз құрмет пен алғыс білдірді.

«Сіз 1943 жылдан бастап майданда медбике болып жұмыс істеп, талайды ажалдан арашалап қалдыңыз. Сізге мың алғыс. Шын жүректен зор денсаулық пен көтеріңкі көңіл-күй тілеймін», – деді әкім.

Қала басшысын 101 жастағы Қамбар Әмірұлы Сәрсенов пен оның немересі, келіні мен шөбересі шаңырағында қуана қарсы алды. Әкім ардагерге соғыс жылдарындағы ерлігі, еңбекке адалдығы мен қаһармандығы үшін алғыс айтып, зор денсаулық, амандық пен ұзақ ғұмыр тіледі.

Қамбар Әмірұлы 1942 жылы тамызда әскерге шақырылып, үш рет жараланған. Беларусьті, Латвияны, Литваны және Польшаны азат етуге қатысқан. Оның кителі І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені, ІІ және ІІІ дәрежелі Даңқ ордені, «Қызыл Жұлдыз» ордені, сондай-ақ, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медалы сынды сан түрлі марапатқа толы. Қамбар Сәрсенов – ІІМ-нің құрметті ардагері. Ішкі істер органдарындағы қызметін аяқтаған соң Алматы электр желілері мекемесінде жұмыс істеп, қаланың дамуына үлес қосқан.


 
Қала басшысы тағы бір ардагер – Василий Иванович Долбняның үйіне де ат басын бұрды. Ол 1927 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 1944 жылы әскерге шақырылып, Қиыр Шығыста барлаушы ретінде қызмет еткен. 1951 жылы мамырында алты жарым жыл әскери қызметтен кейін үйіне оралған.

Василий Ивановичтің жауынгерлік және еңбектегі ерлігі көптеген орден және медальмен марапатталған. Оның үш баласы, төрт немересі және төрт шөбересі бар. Қазір ардагер ұл-қызымен бірге тұрады. Мереке күндерін ардагер үлкен отбасымен бірге қарсы алып отыр.

Алматы әкімі барлық майдангерді 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағындағы Ардагерлер аллеясының ашылуына шақырып, олардың өмір жолы ерліктің, батырлық пен Отан алдындағы адалдықтың жарқын үлгісі екенін атап өтті.

Жеңіс күні қарсаңында ардагерлерге қала әкімінің орынбасарлары мен аудан әкімдері де барып, мерекемен құттықтап, мықты денсаулық пен бақыт тілеп, 9 мамыр күні 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында өтетін Жеңіс күнін мерекелеуге шақырды.

Бүгінде Алматыда Ұлы Отан соғысының 21 ардагері тұрады. Ерболат Досаевтың тапсырмасымен биыл бір реттік жәрдемақы көлемі 5 миллион теңгеге дейін көбейді. Ардагерлер медициналық қызметпен қамтылған, әлеуметтік көмек алады.

 

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату