Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Америкалықтар Моңғолияда алып жел электр станциясын салмақ

Моңғолияның жаңартылатын энергия көздеріне бет бұруы елдің мұнайға тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды newsroom.kz.

Америкалықтар Моңғолияда алып жел электр станциясын салмақ
Фото: ашық дереккөзден

Номер Один сайтының дерегінше, Моңғолияның Энергетикалық реформалар жөніндегі ұлттық комитеті АҚШ-та жаңартылатын энергия көздері саласындағы жетекші халықаралық компаниялардың бірі — UPC Renewables ұйымымен өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойды.

Аталған компания Дундговь аймағында қуаттылығы 2400 МВт болатын жел электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Бұл жоба Моңғолиядағы жаңартылатын энергия көздерін тиімді пайдалану, өндірілген "жасыл" энергияны Қытай секілді аймақтық нарықтарға экспорттау, сондай-ақ елдің ішкі энергетикалық қауіпсіздігін арттыру мен көміртегі қалдықтарын азайтуға ықпал етеді, деп жазады Монцамэ порталы.

Ұлттық комитет төрағасы Тогмидын Доржханд елдің жаңартылатын энергия саласындағы зор әлеуетін толық іске асыру жолында маңызды қадамдар жасалып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Моңғолия таза энергия экспортын арттыруға, аймақтың "жасыл" дамуына үлес қосуға және жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашуға ұмтылып отыр.

UPC Renewables Asia Pacific атқарушы директоры Эндрю Джон Сазерленд:

«Бұл серіктестік бізге Дундговь аймағындағы жел ресурстарын пайдаланып, Қытайға экспортталатын сенімді әрі бәсекеге қабілетті таза энергия өндіруге жол ашады. Сонымен бірге, Моңғолияның орталық энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын күшейтеді. Біз Моңғолиямен бірлесіп жұмыс істеуді асыға күтеміз, халықаралық инвестицияларды тарту және тұрақты өнеркәсіптік даму үшін күш саламыз», – деді.

Ұлттық комитет мәліметінше, жоба аясында жаңартылатын энергия нысандарына қажетті кейбір компоненттерді өндіруге маманданған оқыту орталығын құру, сондай-ақ елдегі ең ірі жел электр станциясын салу және іске қосу жоспарланып отыр.

Моңғолияның бұл бастамасы — Орталық Азия елдеріне үлгі боларлық маңызды қадам. Сіз қалай ойлайсыз, Қазақстанда да осындай ірі жоба іске асуы мүмкін бе?

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату