Жаңалықтар

Соғыс салған сағыныш

Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Осы мерекеге орай соғыстағы майданда болып, тұтқынға түскен сарбаздың өмірінен үзіндіні назарға ұсынамыз,- деп хабарлайды newsroom.kz

Күздің қарасуық кешінде Кентау вокзалынан түсіп, қала шетіндегі көне шағын аудандардың біріне бет алғанмын. Жел ұйытқып соғып тұр. Қалада жаңбыр жауып өткен секілді. Тас жолдың шетінде, ескі орындықта бір кісі отыр екен. Үстінде сұр плащ, басында шәлкем-шалыс киген қара қалпақ. Жанынан өте бергенімде:

– Сен… Мәуленнің баласы Қайсар емессің бе? – деді бәсең дауыспен.

Кенет таныдым. Бұл – кезінде әкем құрмет тұтқан қария, көрші ауылдан шыққан Зейнел қарт еді.

– Сізді танымаппын, аға! – дедім таң қалып.

– Танымайсың ғой… Танымайтын адам көп мені… Жүр, бір шәй ішіп, шер тарқатайық… – деді ол, әлсіз жымиып.

Жол бойындағы шағын ғана кафеге кіріп, ең шеттегі үстелге жайғастық. Ішін қаракөлеңке жарық басып тұр. Қолына сап-сары, ескі портсигар ұстаған қарт темекісін тұтатып, біраз үнсіз отырды.

– Мен саған өмірімде алғаш рет бір тылсым дүниені айтып берейін. Мұны ешкімге айтқан емеспін...

Зейнел ақсақал сөзін алыс жылдардан бастады. Ол 1941 жылы Түркістан маңындағы Көктерек ауылынан майданға аттанып, қысқа дайындықтан кейін Калинин майданына жіберілген екен. Соғыстың ең қанды тұсында тұтқынға түсіп, немістің Бавария өңіріндегі жұмыс лагеріне тап болыпты.

– Күздің бір кешінде мені бір неміс фабриканты – Хайнрих Мюллердің шаруашылығына жұмысқа жіберді. Үйі қала сыртында еді. Алғаш көргенде оның әйелі – Марта Мюллердің бейнесі есімнен кетпеді. Ақшыл бұйра шашты, көзі көкшіл мұздай, ал үні – жібектей жұмсақ болатын, – деді қарт көзіне жас алып.

Ол кезде мен әлі жаспын. Немісшені білетінмін, бірақ көп сөйлемейтінмін. Бір күні ол маған ескі пальто мен жылы бәтеңке беріп тұрып: «Сенің де жүрегің бар шығар…» – деді. Сол сәтте мен алғаш рет жат елде, жат адамның жылуын сездім.

Біз бір түн емес, бір көктемді бірге өткердік. Марта менің өмірімдегі жалғыз әйелге айналды. Бірде моншадан шыққан соң, ол маған өзінің күйеуінің киімдерін беріп, шарап құйып ұсынды. Сол түн – менің ғұмырымдағы ең шынайы, ең қасиетті түн еді…

 Сол түні біз соғыстың сұрапылын ұмытып, өмірдің өзіне сеніп, бір-бірімізге шын жүрекпен жақындадық. Оның қолының дірілі, шашының иісі, үні – әлі есімде. Мен үшін ол әйел емес, тұтас бір әлем еді.

Уақыт өтті. Соғыс біткен соң мен туған еліме қайтуға бел байладым. Марта аяғымнан жалынып-жалбарынып тартты. «Қалшы. Мен сенсіз өмір сүре алмаймын», – деді. Бірақ мен туған жерімді, Түркістанды сағындым…

Ең соңғы қоштасуымызда ол: «Сен кетсең де, мен сенен ұрпақ қалдырдым. Қызымыздың атын Лейла қоямын», – деді. Сол кезде мен жыладым. Жыладым да бұрылып кете бардым.

 Елге жете бергенде мені тұтқындады. «Фашистерге тұтқын болған» деген айыппен Магаданға айдады. Артынан Мурманскіге. Кейін амнистиямен босадым. Тек Мартадан қалған естелік – осы портсигар мен сурет…

Ол портсигарды жайлап ашты. Ішінде күміс түсті фотосурет тұр. Суретте ақ көйлекті, көзі мұңлы, шашы толқынды әйел кішкентай қыздың қолынан ұстап тұр.

– Бұл – Лейла. Қызым. Марта солай атады. Бір күні КГБ шақырды. Қолыма хат берді. Немісше жазылған. Қолыма хат тигенде дірілдеп кеттім. Хатта Лейла жазыпты. «Мен сіздің қызыңызбын. Анам Марта Мюллер ылғи сіз жайлы айтып отыратын. Егер тірі болсаңыз – көргім келеді…» – депті.

Қарт үнсіз қалды. Кафеде іші қоңырқай. Қарсы алдында отырған маған қарамай, тереңге батып отырғандай. Көзінде – шексіз сағыныш пен шарасыздық.

– Бірақ онымен кездестірмеді. Мені қайта тергеді. Тіпті «мұндай адам бұл өлкеде тұрмайды» деген жауап хат жіберіпті. Олар Лейладан мені жасырып бақты.

– Лейла – менің өмірімдегі ең асыл, ең таза сағыныш. Марта мен Лейла – екеуі менің жанымның шырағы.

Ол ақырын орнынан тұрып:

– Саған осыны айтып отырғаным – сенің жүрегіңнің жарық екенін сезгендігімнен. Мұны ешкімге айтпа. Бірақ білгенің жөн. Адам кейде шерін ақтармай тұншығып кетеді. Мен соның шегіне таяп қалыппын… – деді.

Сол күні мен өмірімде алғаш рет бір адамның жанын күйдірген сағыныштың не екенін шын сезіндім. Бұл – тек махаббат емес, бұл – адам жанының ең терең түкпіріндегі сағыныш, өкініш пен үміт.

Жұмәділ Жапабай