Шымкенттегі "лайк дауы": Жастар ресурстық орталығының басшысы неге қызметінен босатылмады?
Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері басқармасының басшысы Айгерім Жұмагұлова «Жастар ресурстық орталығының» директоры Марат Сыпатаевтың не себепті қызметінен кетпегенін түсіндірді, деп хабарлайды newsroom.kz порталы Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Журналистер таяудағы брифинг кезінде Сыпатаевтың жауапкершілігі туралы мәселені көтерген. Айгерім Жұмагұлованың айтуынша, орталық директоры расымен де қызметкерлерге әлеуметтік желідегі орталықтың парақшаларына лайк басуға мәжбүрлеген. Ол бұл әрекеті үшін тәртіптік жаза алған.
Бүгінде аталған орталықта арнайы комиссия жұмыс істеп, қызметтік тергеу жүргізіп жатыр.
– Қазір тексеріс жүріп жатыр. Егер оны қызметтен босатуға нақты негіз табылса, тиісті шара қолданамыз. Ол оқиғадан кейін өзі келіп, кінәсін мойындады. «Біз сіздерді ұятқа қалдырдық. Біздің кесірімізден әкімдік пен бүкіл Шымкенттің атына нұқсан келді», – деп кешірім сұрап, қызметінен кету туралы өтініш жазды», – деді Жұмагұлова.
Сонымен қатар ол қазіргі уақытта Сыпатаевтың ақысыз еңбек демалысына шыққанын да атап өтті.
Айта кетейік, Бұған дейін Шымкент қаласының Ішкі саясат басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығында» жанжал шыққан болатын. Орталық қызметкерлері басшылық тарапынан әлеуметтік желідегі белсенділікке байланысты қысым көріп жүргенін айтып шағымданған. Олардың сөзінше, МРЦ парақшаларындағы жазбаларға лайк баспағандарды сөгіспен қорқытып, түрлі кедергілер келтірген.