Басылымның жазуынша, осы айдың басында Санкт-Петербургте өткен кездесуде Путин АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Виткоффпен сөйлесіп, Ресей Киевтің бақылауындағы төрт аймақтағы талаптарынан бас тартуға дайын екенін жеткізген.
Бұл келіссөздер аясында АҚШ тарапынан бірнеше ұсыныс айтылған. Соның ішінде ең даулысы — Қырымды Ресей аумағы ретінде мойындау және Кремльдің қазіргі бақылауындағы Донецк, Луганск, Херсон мен Запорожье аймақтарындағы ықпалын тану мәселесі.
Дегенмен, Еуропа елдерінің өкілдері бұл ұсыныстарға сақтықпен қарап отыр. Олардың айтуынша, Путин бұл келісімді басқа талаптарды өткізу үшін тактикалық тәсіл ретінде пайдалануы мүмкін.
Еуропалық бір лауазымды тұлға:
«Киевке қысым күшейіп жатыр. Олар кейбір ұстанымдарынан бас тартуға мәжбүр болуы мүмкін», – деген.
Украина билігі Трамп тарапынан айтылған кейбір ұсыныстармен келісетінін растаған. Бірақ нақты қандай ұсыныстар екені ашық айтылған жоқ. Соның бірі – Украина аумағында НАТО-ға кірмейтін еуропалық елдердің бейбітшілік күштерін орналастырып, 1000 шақырымнан асатын демилитаризацияланған аймақта бітімді қадағалау.
Бұл күштер Украина мен Ресей әскерилерімен бірлесіп, бітім сақталуын бақылайды. Сонымен бірге Украина оккупацияланған жерлерді күшпен қайтармайтынын мойындауы керек. Ал Ресей әскери шабуылын тоқтатады.
Алайда Ресей НАТО күштерінің Украинаға кіруіне қарсы екенін ашық білдіріп отыр. Соған қарамастан, дереккөздердің айтуынша, Путин Донецк, Луганск, Херсон мен Запорожье облыстарының толық бақылауынан бас тартуға дайын. Бірақ оның орнына Ресей Қырымды ресми тану және Украинаның НАТО-ға мүше болмауы сияқты кең ауқымды геосаяси талаптарды қоймақ.