Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Президент Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасымен бейресми кездесу өткізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен бейресми кездесу өткізді, деп хабарлайды newsroom.kz Ақорда баспасөзіне сілтеме жасап.

Президент Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасымен бейресми кездесу өткізді
фото: Ақорда

Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, еліміздің рухани астанасы, түркі халықтарына ортақ қасиетті мекен саналатын Түркістан қаласына сапармен келгені үшін ризашылығын жеткізді. 

– Мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқаны қуантады. Газ саласында, сондай-ақ көлік-логистика бағытында стратегиялық маңызды жобалар бар. Біз бұл жұмыстарды бақылауда ұстаймыз. Өйткені оның нәтижесі қазақ-түрікмен экономикалық байланыстарын одан әрі өркендетуге ықпал етеді, – деді Президент. 


Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедовті Халықаралық бейбітшілік және сенім жылының басталуымен құттықтады. Оның айтуынша, БҰҰ қолдаған бұл бастама Түрікменстанның әлемдік деңгейдегі абырой-беделі жоғары екенін көрсетеді. 

🇹🇲  Халк Маслахатының Төрағасы Мемлекет басшысына киелі Түркістанда қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар Қазақстан Түрікменстанның ең негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі екенін жеткізді.

– Екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастардың перспективасы мол. БҰҰ аясында Халықаралық бейбітшілік пен сенім жылын жариялау жөніндегі Түрікменстанның бастамасына қолдау білдіргеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін, – деді Гурбангулы Бердімұхамедов.


Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастардың барлық бағыты бойынша сан қырлы стратегиялық серіктестікті нығайту перспективасы талқыланды. 

Өзара сауда-саттық көлемін 1 миллиард долларға жеткізу үшін байланыстарды дамытудың тың мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігі атап өтілді.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату