Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Қызылордада автосалон 20 адамды көліксіз қалдырды

Қызылордада бір автосалон ондаған тұрғынды тақырға отырғызып, меншік құқығы тіркелмеген көліктерді сатып келгені анықталды. Тұрғындар 6–12 миллион теңге аралығында қаражат төлеп, көлік алғанымен, сот шешімі бойынша көліктер бастапқы иелеріне қайтарылған. Салдарынан сатып алушылар темір тұлпарсыз қалды, алайда банктер алдындағы қарыздарын өтеуді жалғастыруда, деп хабарлайды newsroom.kz.

Қызылордада автосалон 20 адамды көліксіз қалдырды
Жктінші арнаның сюжетінен

Бұл жағдайға тап болғандардың бірі – Күлімшат Еркін. Ол автосалоннан көлік алу үшін банк арқылы 12 миллион теңге несие рәсімдеген. Қазір ай сайын 351 мың теңге төлеп отыр. Алайда көлігі айыптұраққа қойылып, сот шешімімен бұрынғы иесіне берілді. Күлімшат не үшін несие өтеп жатқанын түсіне алмай дал.

– Көлікті адал еңбегіммен тапқан ақшаға сатып алдым. Енді не үшін менің атымда тұрған көлікті басқа адамға беруім керек? Біз бұл жағдайға еш қатысымыз жоқ, біреудің кінәсі үшін жауап бермеуіміз керек, – дейді ол.

Мұндай жағдай жалғыз Еркіннің басында емес. Жиырмадан аса адам дәл осындай күй кешуде. Белгілі болғандай, автосалон көлікті алып, иелеріне ақша төлемеген. Тіпті кейбір көліктер бірнеше рет сатылғаны анықталды.

– Сот бізді еш тарап ретінде мойындамады. Өзіміздің уәжімізді айтуға да мүмкіндік бермеді. Көліктерімізді тәркілеп, иелеріне қайтарды. Біз бұған келіспейміз, – дейді зардап шеккен тұрғындардың бірі Гүлсара Игенова.

Жағдайды күрделендіре түсетіні – кей көліктердің әлі де банктердің кепілдігінде болғаны. Алайда сот процесіне банктердің өкілдері шақырылмаған. Адвокат Мұхамедқали Мәдияровтың айтуынша, бұл – азаматтардың құқықтарының өрескел бұзылуы.

– Мұндай үкім Конституцияға сай емес. Себебі көліктер иелеріне қайтарылғанымен, сатып алушылардың біразы автосалон қызметкерлерінен кем дегенде 3-5 миллион теңге көлемінде ақшасын қайтарып алған. Яғни келісім бойынша жартылай өтелген жағдайлар бар, – дейді заңгер.

Сот шешімі шықса да, атышулы автосалон әлі де жұмыс істеп тұр. Қала соты екі қызметкердің сотталғанын растады: біреуі 4 жыл, екіншісі 4,5 жыл бас бостандығынан айырылған. Ал салонның жабылуы немесе басқа да шаралар туралы нақты мәлімет жоқ. Тұрғындар қайда барып, кімнен көмек сұрарын білмей дал.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату