Жаңалықтар

Бөтен адам сіздің ЖСН арқылы SIM-карта рәсімдей ала ма? Сарапшылар жауабы

Әлеуметтік желілерде жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) білген адам кез келген телефон нөмірін өзгенің атына оңай тіркей алады деген ақпарат тарады. Бұл қаншалықты рас? Тілшілер мобильді байланыс операторлары мен жауапты министрліктен нақты жауап алды, деп хабарлайды newsroom.kz Tengrinews-ке сілтеме жасап.

Threads желісіндегі қазақстандықтар eGov порталындағы жаңа функция арқылы өз ЖСН-іне тіркелген нөмірлерді тексергенде, күткеннен әлдеқайда көп нөмір анықтағанын жазды.

«Менің нөмірім 2009 жылдан бері бар. Бірақ неге екені белгісіз, ЖСН-іме тағы 8 activ нөмірі тіркеліп тұр. Бұл мәселені анықтау керек», – деп жазды қолданушылардың бірі.

Тағы бір азамат SIM-карта сатып алу кезінде тек ЖСН жеткілікті болғанына таң қалғанын айтты. Ешқандай биометриялық растаусыз-ақ байланыс қызметін қолдануға мүмкіндік болған.

ЖСН арқылы бөтен адамның нөмір рәсімдеуінен қандай қауіп бар?

Егер алаяқ сіздің ЖСН арқылы SIM-карта рәсімдесе, мынадай қауіптер тууы мүмкін:

WhatsApp, Telegram секілді қосымшаларда сіздің атыңыздан аккаунт ашып, жазысу;

Онлайн несие рәсімдеу немесе бөліп төлеу кезінде растау кодын пайдалану;

Заңсыз әрекеттерге қатысып, сізді күдікке іліктіруі мүмкін.

Байланыс операторлары не дейді?

Beeline:

Оператор нөмір тіркеу автоматтандырылған жүйе арқылы СМС жолдау және ЖСН енгізу арқылы жүзеге асатынын айтты. Яғни, егер ЖСН бөтен адамға белгілі болса, ол сіздің атыңызға нөмір тіркей алады.

«Бұл жағдайды болдырмау үшін imei.rfs.gov.kz сайтынан тексеріп отыруды ұсынамыз», – дейді компания өкілдері.

Күмәнді нөмір анықталса, абоненттің сұрауы бойынша оператор оны өшіре алады. Beeline жақында SIM-карта сатып алу кезінде биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізе бастаған.

Kcell және activ:

Компания өкілдері азаматтардың алаңдаушылығын түсінетінін айтып, тіркеудің бірнеше жолы бар екенін жеткізді. Жеке өзі келетіндер үшін тіркеу тек жеке куәлікпен жүзеге асады. Ал онлайн тіркеу reg.activ.kz сайтында, мобильді қосымшаларда және 607 нөміріне СМС арқылы жасалады.

Компания өз өнімдерінде биометриялық жүйені енгізуге дайын екенін мәлімдеді.

Tele2 жауабын әзірге берген жоқ.

Министрлік не дейді?

Цифрлық даму министрлігі егер сіздің ЖСН-іңізге бөтен нөмір тіркелсе, оны оператор арқылы өшірте алатыныңызды хабарлады.

«Мұндай нөмірлер өшірілген соң байланыс қызметтеріне қол жеткізе алмайды. Азаматтарға imei.rfs.gov.kz порталы арқылы өз ЖСН-іне тіркелген нөмірлерді тұрақты түрде тексеруге кеңес береміз», – деді министрлік өкілдері.

Қауіптің алдын алудың үш қарапайым жолы

ЖСН-ді бөтенге бермеңіз
Мессенджер, пошта немесе әлеуметтік желі арқылы жібермеңіз. Қоғамдық кеңістікте жарияламаңыз.

ЖСН-ге тіркелген нөмірлерді тексеріп отырыңыз
imei.rfs.gov.kz сайты арқылы өзіңізге тиесілі нөмірлерді қарап шығыңыз. Бөгде нөмір тапсаңыз, дереу операторға жүгініңіз.

SIM-картаны тек жеке немесе қауіпсіз арналар арқылы рәсімдеңіз
Ресми кеңсеге барып, жеке куәлікпен рәсімдеңіз. Онлайн рәсімдеу кезінде тек сенімді қосымшаларды пайдаланыңыз (мысалы, activ немесе Kcell).

Айта кетейік, eGov mobile қосымшасында ЖСН-ге тіркелген телефон нөмірлерінің санын тексеруге арналған жаңа функция іске қосылған болатын.