Қауіпсіздік пе, бизнес пе: әуежайдағы су бағасының құпиясы
Әуежайда күту залына кірерде қолымыздағы суды өткізуге тыйым салынады. Бөтелкеңізді өткізіп, қауіпсіздік бақылауынан өткеннен кейін су сатып алуға мәжбүр боласыз. Алайда күту залындағы бағалар кейде көшедегі бағадан бірнеше есе қымбат екенін байқаймыз. Бұл — тек Қазақстанның емес, бүкіл әлемнің әуежайларында жиі кездесетін жағдай. Бірақ, жолаушылардың наразылығы да артып келеді.
Бақылау бекетіндегі тыйым: қауіпсіздік талабы
Әуежай қызметкерлері судың өткізу бекеттерінде алынуын халықаралық қауіпсіздік талаптарымен түсіндіреді. 2006 жылы сұйықтықты қолдану арқылы жасалуы мүмкін лаңкестік әрекеттерден сақтану үшін, әлем бойынша әуежайларда 100 мл-ден асатын сұйықтықтарды алып өтуге тыйым салынды. Осы күнге дейін бұл ереже күшін жойған жоқ.
Бизнес пе, әділет пе?
Бақылаудан өткеннен кейін жолаушы шөлдейді. Ал су бағасы екі-үш есе қымбат. Бұл қарапайым халықтың ашуын тудырады. Мәселен, Facebook желісінде Ғалымжан Мүйденов есімді азамат өз наразылығын былай жеткізді:
"9 сәуір күні ұшаққа отыруға барғанбыз. Билетті бес-алты жерден тексерді. Қолымызда бар болғаны 0,5 литр су еді, оны да алып қойды. Күту залында дәл сондай суды екі-үш есе қымбат бағаға сатты. Бұл қара халықты тонау емес пе? Ұшақ ішінде де судың бағасы удай. Негізі, билеттің бағасына осындай ұсақ қызметтер қосылуы керек еді ғой..."
Шындығында, көптеген халықаралық тәжірибеде әуе компаниялары тегін су ұсынады. Бірақ кейбір төмен бюджетпен қызмет көрсететін компанияларда ішетін суды сатып алуға тура келеді.
Қазақстандық әуекомпаниялар су ұсына ма?
Қазақстанда ішкі рейстерде тегін су ұсыну қызметін тек SCAT Airlines әуе компаниясы ұсынады. Олар жолаушыларға 0,3 литр су тегін таратады. Басқа әуекомпаниялар, соның ішінде Air Astana және FlyArystan, Qazaq Air су немесе сусындар қызметін ақылы ұсынады.
Әуежай баға саясатын кім шешеді?
Азаматтық авиация комитетінің өкілі:
«Күту залындағы дүңгіршектердің бағасын әуежайдың өзі емес, сол жерді жалға алған кәсіпкерлер белгілейді. Әуежай тек санитарлық және қауіпсіздік талаптарының сақталуын қадағалайды»,- дейді.
Демек, әуежай әкімшілігі дүңгіршектердің жалға алу шарттарын реттесе де, сатылатын тауардың бағасына тікелей әсер ете алмайды. Ал кәсіпкерлер әуежай ішіндегі сауда орындарына жоғары жалдау ақысы үшін тауар бағасын көтеруге мәжбүр болады.
Шетелдегі тәжірибе қандай?
Кейбір елдерде әуежай ішінде ақысыз ауыз су алатын арнайы бұрқақтар орнатылған. Мысалы, Сингапур, Дубай, Токио әуежайларында жолаушы бөтелкесін қайта толтыра алады.
Еуропа елдерінде де көптеген әуежайларда суды тегін толтыру нүктелері бар. Бұл — қауіпсіздік пен адамгершілік балансының жолы іспеттес.
Әуежайдағы су бағасы — қауіпсіздік талаптары мен бизнес мүддесінің арасындағы нәзік тепе-теңдік. Жолаушылар тарапынан әділетті баға мен қолжетімді қызметке сұраныс артқан сайын, бұл мәселе алдағы уақытта қайта қаралуы мүмкін. Әзірге, Қазақстанда шөлді басу үшін қосымша қаражат жұмсауға дайын болу керек.