Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Мұсылмандар үшін Иса кім?

Иса ибн Мәриям – мұсылмандар үшін аса ардақты пайғамбар. Оның есімі Құранда жиырмадан астам рет аталады, әрі әр жолы айрықша мәртебемен еске алынады. Иса (ғ.с.) – Алланың құдыретімен әкесіз дүниеге келіп, бесікте жатып сөйлеген. Адамдарды бір Аллаға құлшылық етуге шақырған, Інжілді жеткізген пайғамбар. Оның миссиясы мен орны туралы ислам мен христиан ілімдерінің ұқсас тұстары болғанымен, түбегейлі айырмашылықтар да бар. Newsroom.kz тілшісі Иса пайғамбардың Ислам дініндегі орыны қардай екенін зерттеп көрді.

Мұсылмандар үшін Иса кім?
Фото: dumsk.com

Мұсылмандар мен христиандар Исаны қалай қабылдайды?

Христиандар Исаны Құдайдың ұлы деп қабылдайды, ал мұсылмандар оны Жаратушының құлы әрі елшісі деп біледі. Христиандық сенімде Иса айқыш ағашқа шегеленіп, жан тәсілім еткеннен кейін қайта тірілді деп сенілсе, Құранда Иса (ғ.с.) өлтірілмегені, керісінше Алла оны көкке көтергені анық баяндалады: «…Алайда олар оны өлтіре де алмады, айқышқа керіп аса да алмады. Бірақ олардың көзіне солай көрінді (негізінен, өлтірілген басқа біреу еді)». (Ниса сүресі, 157-аят).

Коллаж: newsroom.kz (Жанар Ғ.)

Мұсылмандар үшін Иса (ғ.с.) ешқашан жаңа дін орнатқан жоқ. Ол Тауратты растаушы әрі өзіне түскен Інжілді жеткізуші пайғамбар ретінде жіберілді. «Мен сендерге келген Алланың елшісімін. Өзімнен бұрын түскен Тәураттағы ақиқаттарды растау және өзімнен кейін келетін Ахмет (Мұхаммед) есімді елшіні сүйіншілеу үшін жіберілдім» (Сафф сүресі, 6-аят) деуі – оның миссиясының жалғастығы мен шынайы табиғатын айқындап тұр. Ислам сенімі бойынша, Иса (ғ.с.) Алланың бірлігін уағыздап, адамзатты тура жолға шақырды. Алайда уақыт өте келе оның әкелген шынайы Інжілі бұрмаланып, адамдардың өз қолымен әртүрлі түсінік, аңыздар қосылды.

Мұсылмандар Інжілдің түпнұсқасына сенеді. Ол – Алладан түскен қасиетті кітап. Бірақ бүгінгі таңда қолда бар Інжіл бірнеше нұсқадан тұратын, кейінгі адамдар жазып, өңдеген мәтін ретінде қабылданады. Құранның Имран сүресінің 78-аятында бұл туралы нақты хабар бар.

Иса (ғ.с.) – тек өткеннің ғана емес, болашақтың да тұлғасы. Хадистерде оның қияметке таяу уақытта жерге қайта түсетіні, әділет орнатып, дәджалды өлтіретіні айтылады. Ислам сенімі бойынша, Иса (ғ.с.) түскенде христиан дінінің бұрмаланған тұжырымдарын түзетеді, өзі туралы шынайы ақиқатты паш етеді және Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбетіне қосылады.

Иса (ғ.с.) дүниеге ерекше келген. Құранда оның Мәриямнан әкесіз, Жәбірейіл періштенің үрлеуімен жаратылғаны баяндалады. Бесікте жатқан шағында-ақ сөйлеп, пайғамбарлығын мәлімдеген: «Мен шын мәнінде Алланың құлымын. Ол маған Кітап береді әрі мені пайғамбар етеді» (Мәриям сүресі, 30-аят). Бұл – адамзат тарихындағы ғажайып оқиғалардың бірі.

Иса (ғ.с.) өмірінің барлық кезеңдері исламда толық баяндала бермейді. Өйткені оның басты миссиясы – Алланың елшісі екенін мойындау, оған Құдайлық сипат телімеу. Исламда пайғамбарлардың өмірбаяны түгелімен емес, олардың үмбетіне қажетті негізгі оқиғалар мен өнегелер ғана баяндалады. Бұл Алланың даналықпен жасаған таңдауы.

Иса (ғ.с.) айқышта өлді ме деген сұрақ ислам мен христиан арасындағы ең үлкен пікір қайшылығының бірі. Мұсылмандар Құранның анық сөзіне сүйене отырып, оның өлтірілмегеніне, керісінше тірідей көкке көтерілгеніне сенеді. Иса (ғ.с.) қазір тірі күйінде көкте, Алла қалаған уақытта жерге қайта түседі. Оның қабірі жоқ.

Иса (ғ.с.) – христиан дінінің негізін қалаушы емес. Ол барлық пайғамбарлар секілді бір Аллаға шақырып, тәухид (бір Құдайға сенім) жолында қызмет еткен. Оның артынан ергендер кейін өз ілімдерін өзгертіп, түрлі ағымдар құрып алды. Сол үшін ислам Иса (ғ.с.) мен оның шынайы миссиясын қорғауды міндет санайды. Мұсылмандар христиандарды Исламға шақырғанда дәл осы шындықты ескертеді: Иса (ғ.с.) – Құдай емес, Оның құлы әрі елшісі.

Иса (ғ.с.) тұлғасы – ислам мен христиандықты жақындастыратын да, ажырататын да тақырып. Ол – екі үмбеттің арасындағы көпір іспеттес. Бірақ бұл көпірдің екі жағындағы сенімдердің негізі түбегейлі бөлек екенін ұмытпау керек. Ислам әрқашан Иса (ғ.с.)-ға лайықты құрмет көрсетеді, бірақ оны ешқашан құдай деп атамайды.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату