Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
7 сәуір, 2025 / Аман ШАМАР / Сараптама

Ғылымға қызығатын жастар көп

Елімізде соңғы кезде біліммен бірге ғылым саласын да дамытуға зор көңіл бөлінуде, - деп хабарлайды newsroom.kz

Ғылымға қызығатын жастар көп
Фото: aikyn.kz

Елімізде соңғы кезде біліммен бірге ғылым саласын да дамытуға зор көңіл бөлінуде. Әйтсе де, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – материалдық-техникалық базаның толыққанды қалыптаспауы, екіншісі – ғалымдарды, соның ішінде жастарды ынталандыру, атап айтқанда, қаржылай қолдау ұйымдастыру ісі ақсап тұр. Мұны біз тілдескен ғалымдар да жасырмады... 

Құрманғазы ауданынан шыққан атақты ғалым, техника ғылымдарының докторы, Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Есенғали Ғилажевтың пікірінше, бір кездері Ғылым академиясының жабылып қалуы елдегі ғылыми базаның күйреуіне әкеліп соққан...

– Бұрын ғылымның әр бағыты бойынша арнайы  база болды. Ғылыми орталықтар жұмыс жасады. Мәселен, Ғылым академиясы ғылыми институттарға бағыт-бағдар беріп отырды. Соған сәйкес, ғалымдарға қажетті қаражат бөлініп, керек құрал-саймандар алынды. Ал, академия жабылғанда соның бәрінен айырылып қалдық. Сол кезде министр болған Бақытжан Жұмағұлов «көше бойында көлік тоқтатқан МАИ қызметкеріне дейін ғылым кандидаты, ал, совхоз директоры ғылым докторы болып кетті» деп айтқаны бар. Ешқандай ғылыми еңбек жазбай, елдің маңызды бір мәселесін шешетін жаңалық ашпай ғалым атануға бола ма? Бұдан ғылым қалай дамиды, материалдық база қалай құрылады?  

Бүгінгі ахуалға келсек, ғылымға қазіргі жастар қызығады, сол жағы қуантады. Баяғыда ғылым кандидаттарына қарата «ғылымның есігінен қарап тұрғандар», ал, ғылым докторларына «сол есіктен кіргендер» деп айтылушы еді. Енді сол кездегі кандидаттардың орнын бүгінде магистранттарымыз басып жатыр. Баяғыда демекші, кеңес дәуірінде қай саланы алсақ та, орталық – Мәскеу қаласына қарады ғой. Жас ғалымдар шет тілінде жазылған еңбектерді пайдалана алмады. Ал, қазір олай емес, ғалым боламын дейтін жанға барлық мүмкіндік бар.

Бірақ, шетелдік ғылыми журналдарға мақала шығару оңай емес. Оның талаптары өте қатал. Бұрын шетелдік басылымдарға тек бір ғана мақала берсе жететін еді. Бүгінде оның төрт деңгейі бар. Біздің студенттер көбіне үшінші-төртінші деңгейдегі мақаланы жазып жүр. Ал, алдыңғы деңгейге сай келетін мақаланы жазу үшін айлап емес, жылдап жұмыстануға тура келеді, - дейді ол.

Иә, «оқу – инемен құдық қазғандай» деп халқымыз бекерге айтпаса керек. Қалай болғанда да, ғылымсыз ешбір сала алға баспайтыны анық. Сондықтан ғылымды дамыту бір сәтке де толастамауы тиіс. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлыынң өзі де халыққа Жолдауында шегелеп айтқан еді.

«Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал. Сондықтан инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады. Еңбегінің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді, еңбек адамның абырой-беделін көтереді» деді Президент.

Алайда, соңғы кезде қоғамда ғылыми негізі жоқ алыпқашпа әңгімелермен халықтың санасын улап жүрген блогерсымақтар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Оларды күні кеше Президент те Мәслихат депутаттарының Республикалық форумында сынға алған болатын. Ал, Есенғали Ғилажұлы блогерлерге қай мәселені де ең алдымен ғылыми тұрғыдан зерттеп алуға кеңес береді.

– Қазір қоғам арасында қит етсе, «ауаны ластап жатыр» деп өндіріс орындарын жабу қажеттігін алға тартатын блогерлер жиіледі. Мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауытын жабу керектігі халық арасында көп айтылады. Бірақ, оны жауып, ел экономикасын құлдыратып алғаннан не пайда? Одан да зиянын азайтып, табысын көрген тиімді. Бұл үшін жаңа технологиялар қажет. Ал, оның артында үлкен ғылыми ізденістер тұр. Айтқым келгені, елдегі маңызды мәселелерді алыпқашпа әңгімелер шеше алмайды, ол үшін нақты ғылыми жұмыстар жүргізген жөн.

Сол сияқты, елімізде жастардың бірқатары намазға жығылып, дінге бет бұрып кетті. Әрине, Құдайға сеніп, иман келтіру керек шығар, бірақ білім мен ғылым да керек қой. Егер жастардың дені діннің соңында жүрсе, ғылымды, елді кім дамытады? Мәшһүр Жүсіптің сөзі бар ғой, «Құнанбайдың баласының Құдайы қайда екенін білмеймін, ал, менікі – жүрегімде» деген. Сол секілді, Құдайға құлшылық ету үшін бастысы, шынайы ниет болса жетіп жатыр деп ойлаймын. Ал, ғылымды ел болып дамытуымыз керек. Онсыз озық елдер қатарына қосыла алмаймыз, - дейді Қазақстанның құрметті профессоры.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату