Трамп IPHONE өндірісін Америкаға шақырды: жүзеге аса ма?
Дональд Трамптың АҚШ-та өндірісті дамыту талабына қарамастан, Apple компаниясының iPhone-ды Қытайдан көшіру жоспары қыруар шығын мен логистикалық қиындықтарға тап болуы ықтимал. Сарапшылар бұған инфрақұрылым мен білікті жұмысшылардың жетіспеушілігін негізгі себеп ретінде атайды, деп хабарлайды newsroom.kz порталы Bloomberg басылымына сілтеме жасап.
АҚШ президенті Дональд Трамп үшін ең үлкен жетістіктердің бірі – әлемдегі ең танымал технологиялық өнімдердің бірі саналатын iPhone-ның өз елінде шығарылатын нұсқасын көру болар еді. Бұл жеңіс оның тарифтік саясатын және өндірістік жұмыс орындарын Америкаға қайтару туралы сайлауалды уәдесін ақтар еді.
Әкімшілік бұған қол жеткізуге болады деп сенеді, әсіресе Қытайдан келетін импортқа 145% көлемінде кедендік баж салығын енгізуді жоспарлап отырған тұста. Қазір Apple өнімдерінің басым бөлігі Қытайда өндіріледі. Дегенмен, компания алдағы төрт жылда АҚШ-қа 500 миллиард доллар инвестиция салуға уәде еткен.
Апта басында Ақ үй өз ұстанымын ашық білдірді: Трамп Apple-дің АҚШ-та құрылғы өндірісін бастағанын қалайды.
"Егер Apple АҚШ-та бұл істі жүзеге асыруға болатынына сенбесе, мұндай қомақты қаржыны құюға келіспес еді", – деді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Левитт журналистерге.
Алайда шынайы жағдай мүлде басқаша. iPhone өндірісін жақын арада АҚШ-қа көшіру екіталай. Бұған өндіріс орындары мен қажетті жұмыс күшінің жетіспеуі себеп. Сонымен қатар, Азияда қалыптасқан жеткізушілердің ауқымды желісі, өндіріс пен инженерлік білім-біліктің Америкада баламасы жоқ.
Apple қазір өндірісті Қытайдан Үндістанға көшіруге көбірек күш салып жатыр. Компания серіктестері Үндістанда әлемдегі екінші ірі iPhone зауытын салып жатыр, бұл қадам Қытайға тәуелділікті азайтуға бағытталған.
iPhone құрастырылатын негізгі зауыттар (FATP – құрастыру, сынақтан өткізу және қаптау орталықтары) Азияда өте үлкен, тіпті шағын қала тәрізді. Онда жүздеген мың адам жұмыс істейді, мектептер, ауруханалар, жатақханалар, спорт залдары бар. Қытайдың Чжэнчжоу қаласындағы бір iPhone зауыты тіпті «iPhone қаласы» деп аталады.
"Америкада қай қала бәрін тастап қойып, тек iPhone өндіруге көшеді? Қытайда Apple жеткізу желісінде миллиондаған адам жұмыс істейді", – дейді стартап негізін қалаушы әрі бұрынғы Apple инженері Мэтью Мур. "Бостон халқы 500 мыңнан асады. Бүкіл қала жұмысын тоқтатып, iPhone құрастыруға көшуі керек сияқты".
Калифорния қаласындағы Apple компаниясының өкілі бұл мәселеге қатысты пікір білдіруден бас тартты.
Жаңа iPhone және басқа өнімдердің әзірленуі Apple-дің Силикон алқабындағы зертханаларында басталады. Бірақ өнім нарыққа шықпай тұрып-ақ, Азиядағы жеткізушілермен бірлескен жұмыс ұзақ уақыт бұрын басталады. Apple инженерлері мен операциялық мамандары жаңа құрылғыларды құрастыру процесін үйлестіру үшін Foxconn, Pegatron және басқа серіктестермен айлап, жылдап жұмыс істейді.
Қытай тек өндіріс орны ретінде емес, сонымен қатар өндірістік құрал-жабдықтар мен техникалық дағдылары бар миллиондаған мамандарымен ерекшеленеді. Ал бұл АҚШ-та жоқ.
"Зауытты жүргізуге қажет инженерлік қолдау АҚШ-та жоқ", – дейді Мур.
Оның айтуынша, ғылым, технология, инженерия және математика (STEM) саласында білім алатын студенттер де аз.
iPhone – Apple-дің негізгі табыс көзі.
Компанияның сатылымдарының жартысынан астамы осы құрылғыға тиесілі.
Apple бас директоры Тим Кук 2017 жылы Fortune журналының шарасында Қытайға тәуелділіктің себебін түсіндірген еді: бұл арзан жұмыс күші емес, дағдылардың бір жерде шоғырлануы екенін айтқан.
"Қытай көптен бері арзан жұмыс күші елі емес", – деді ол. – "Мұнда бір стадионды толтыратын құрал-жабдық инженерлері бар. Ал АҚШ-та ондай инженерлерді жинасақ, бір бөлмені әрең толтырамыз".
Кейбіреулер Apple өз ақшасын АҚШ-та бірнеше мың акр жер сатып алып, толық автоматтандырылған iPhone зауытын салуға жұмсауы керек дейді. Бұл адам факторына тәуелділікті азайтар еді.
АҚШ Сауда министрі Ховард Латник те CBS арнасына берген сұхбатында "миллиондаған адамнан тұратын армияның" автоматтандырылатынын айтты.
Бірақ бұл әзірге шындыққа жанаспайды. Өйткені өндіріс желісін толық автоматтандыру қиын: iPhone өндірісі жылдам өзгерістерге ұшырап тұрады. Қажетті жабдықтың көп бөлігі де Қытайда жасалады.
iPhone-ның сыртқы келбеті көп өзгермесе де, ішкі компоненттер мен материалдардағы аздаған өзгерістердің өзі құрастыру желісін қайта құруды талап етеді.
"Сіз өнімді жобалайсыз, зауытты қайта құрасыз, ал оны сатуға алты ай ғана уақыт бар", – дейді Apple жеткізу тізбегінен хабардар адам. – "Осындай жылдам өзгерістер өндірісті автоматтандыруды қиындатады".
Apple шынымен де өндірісін әртараптандырды: Қытайдағы үлесін 90%-дан төмендетті. Бірақ өндіріс процесін басқа елдерге көшіру оңай емес. Таиланд, Вьетнам, Малайзия және Индонезиядағы Apple зауыттары көбіне Mac, AirPods, Apple Watch пен iPad сияқты өнімдерге арналған.
Қытайдан тыс жерде iPhone өндірісін жолға қоюдағы ең ірі қадам – Үндістандағы жобасы болды. Бұл процеске он жыл қажет болды. Бразилияда да iPhone өндірісі бар, бірақ ол тек қарапайым үлгілерге арналған.
Әзірге Үндістандағы зауыттар Apple-ге Қытай өнімдеріне салынған тарифтерден айналып өтуге мүмкіндік беруде. Bloomberg мәліметінше, қазір АҚШ нарығын Үндістанда шығарылған iPhone-дармен қамтамасыз етіп жатыр. Үндістанда жылына 35 миллион iPhone өндірілуде, бұл АҚШ-тағы сұраныстың едәуір бөлігін жабуға жетеді.
Apple жыл сайын 220 миллионнан астам iPhone сатады және әр модель бірнеше түсте әрі түрлі жад көлемінде шығарылады. Бұл өндірісті күрделендіре түседі және Қытайдағы ауқымды өндіріс көлемінің маңыздылығын арттырады.
Мурдың айтуынша, өндірісі сирек өзгеретін әрі қарапайым өнімдерді (мысалы, iMac пен iPad) АҚШ-та құрастыру жеңілдеу. Қазірдің өзінде Apple Mac Pro компьютерлерін Техаста құрастырады. Бірақ олардың бөлшектері негізінен Қытайда жасалған. Оның үстіне, бұл компьютерлердің сатылымы аз, жаңартуы да сирек.
"Ал iPhone – мүлдем басқа деңгейдегі өнім", – дейді Мур.