Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Елордада кеміргіштер қаптап кетті

Астанада Нұра-Қорғалжын тас жолы бойындағы жер асты өткелінен белгісіз жануар байқалды. Куәгерлер оны бобырға немесе ондатраға ұқсатқан. Сондай-ақ, елордалықтар күні кеше саябақ пен жағалау бойынан екі бірдей кеміргішті байқаған, деп хабарлайды newsroom.kz порталы.

Елордада кеміргіштер қаптап кетті
Видеодан кадр

Куәгерлер бұл көріністі видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде таратқан. Қалалықтар жабайы аңның қайдан келгеніне таңырқауда. Бұл ақпаратқа қатысты қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының баспасөз хатшысы Гүлден Симбаева тілшімізге сұхбат берді.

Оның айтуынша, көктемгі ауа райының жылынуына байланысты індерінен шыққан кеміргіштердің жер бетіне шығуы — қалыпты құбылыс.

"Кеміргіштердің тез көбейетінін ескере отырып, қазіргі уақытта оларды жоюға бағытталған дайындық және аумақтарды зерттеу жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы су тасқыны мен жауын-шашынның мол түсуі салдарынан кеміргіштердің көбеюіне қолайлы жағдай қалыптасты. 2025 жылы дератизациялық шаралар көктемде және күзде екі кезеңде жүргізіледі," – деді Симбаева.

Басқарманың мәліметінше, жабық станциялар 21 сәуірден 18 мамырға дейін, ал ашық станциялар 20 сәуірден 1 маусымға дейін жұмыс істемек. Өңдеу жұмыстары жеке секторды (тұрғын алаптарды) және ашық аумақтарды (саябақтар, өзендер мен су айдындарының жайылмалары, каналдар, зираттар) қамтиды.

Сондай-ақ жеке сектор тұрғындарына арнайы уландырғыш қойылған жемдер тегін таратылып, қауіпсіздік ережелері түсіндіріледі.

"Қала аумағында кеміргіштердің көбеюінің алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы жағдай тұрақты бақылауда," – деді басқарманың баспасөз хатшысы.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату