Премьер-министр Олжас Бектенов отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесу өткізді. Онда агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өзекті мәселелері, көктемгі дала жұмыстарының барысы, шаруаларды қолдау шаралары, сондай-ақ қосымша пысықтауды қажет ететін өзара іс-қимыл бағыттары талқыланды.
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырысында алға қойған міндетіне сәйкес, алдағы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы өндірісін екі есе арттырудың келешегі қаралды.
Кездесу басында сөз алған Олжас Бектенов Үкімет аграрлық секторға белсенді түрде қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.
«Президент қолдауының арқасында ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі өзінің құндылығын ешқашан жоймайды.
Біздің жағдайымызда жеңілдетілген қаржыландыру үшін 700 млрд теңге табу оңай емес, алайда, біз мұны іске асырып жатырмыз және қолдаудың бұл түрін одан әрі арттыра береміз. Қазіргі қолданыстағы тетіктердің барлығы жалғасын табады. Нәтижесі де жоғары болып, біз бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығын құра аламыз деген сенім бар», — деп атап өтті Премьер-министр.
2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша саланың жыл сайынғы жеткіліксіз қаржыландыру мәселесі шешілген еді.
Көктемгі егіс, егін жинау жұмыстарына және ауыл шаруашылық техникасының лизингіне қомақты қаражат бөлінген. Алғаш рет жеңілдетілген несиелендіру көлемі жылдық 5%-бен 580 млрд теңгеге дейін жеткізілді, ал өткен жылдары бұл көлем 160 млрд теңгеден аспады. Қабылданған шаралар фермерлерге барлық қажетті агротехникалық шараларды толық көлемде өткізуге мүмкіндік берді. Пайдаланатын элиталық тұқымдардың үлесі 7,1%-дан 9%-ға дейін өсті.
Қарыз алушылардың 90%-ын шағын және орта шаруашылықтар құрайды. Олар дамуға қажетті ресурстарға ие болды.
Нәтижесінде 2024 жылы Қазақстан соңғы 13 жылда алғаш рет дәнді және бұршақты дақылдардан 26,7 млн тонна өнім жинады.Өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемі 21,1%-ға және мал шаруашылығында 3,2%-ға өсуі ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің 13,7%-ға ұлғаюына ықпал етіп, 8,3 трлн теңгені құрады.
Бүгінде Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені 1,1 млн-нан астам адамдыжұмыспен қамтамасыз етуде. Бұл 4 млн-нан астам азаматтың қаржылық әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ауыл шаруашылығы маңызды экономикалық секторға ғана емес әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі факторына айналуда.
«Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет», - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
2024 жылдың қорытындысы бойынша отандық азық-түлік өндірісі 3,2 трлн теңгеніқұрады, нақты көлем индексі 102,9% деңгейінде қалыптасты.
Өңделген ауыл шаруашылық өнімдерінің үлесі 40%-ды құрады. Мемлекет басшысының қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің үлесін 70%-ға жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін 2028 жылға дейін ауыл шаруашылық өнімін қайта өңдеуді дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Оның шеңберінде 2024 жылы 279,6 млрд теңге сомаға 286 жоба пайдалануға берілді. Өсімдік майы мен ұн өндірісін қоса алғанда, ішкі сұранысты қанағаттандыруға ғана емес, сонымен қатар экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.