Ұлттық ойындар туралы не білеміз?
• Алтыбақан – жастардың көңіл-көтеріп, сауық-сайран құруы үшін таптырмайтын ойын. Тымық кеште, айлы түнде, ауыл сыртында ойналады. Алтыбақанды құру үшін 3-4 метрлік 7 томар ағаш пен 3 арқан керек. Оған екі адам, әдетте, бозбала мен бойжеткен мініп, бел арқанның екі жақтауынан бекем ұстап, үшінші адамның демеуімен тербеледі. Тербелушілер ән бастайды да, оған жанындағы адамдар қосылады.
• Қыз қуу – сақ дәуірінен келе жатқан ежелгі ойын. Ойын ережесі бойынша, бойжеткен атқа мініп жігіттен қашуы керек. Бозбала қызды қуып жетіп, бетінен сүюі тиіс. Жігіт қызға жете алмаса, бойжеткен оны қамшымен сабайды.
• Аударыспақ. Мұнда жеңіске жету үшін ептілік, күш, тапқырлық, батылдық қажет. Екі жігіт атқа мініп, бірін-бірі аттан аударып тастауға бар күшін салады. Ойын жас жігіттің мінезі мен ерік-жігерін шыңдайды.
• Көкпар – ұлттық ат ойындарының бірі. Дәстүрлі қазақ қоғамында көкпарға жасқа толған серкенің семізі таңдалған. Бұл жарысқа қатысу оңай емес. Өйткені салмағы 30–40 келі немесе 50–60 келі болатын бассыз серкені (ешкі) спортшылар жерден көтерулері немесе қарсылас команда ойыншысынан тартып алып, қазандығына салуы керек. Ал екінші жақ серкені тартып алуы шарт. Серкені қанжығаға байлауға, қарсылас командалардың аттарын аяғынан ұшырып түсіруге, оларды шықпыртуға, үркітуге тыйым салынады.
• Жамбы ату – ер жігіттің мергендік, ептілік қабілетін сыннан өткізетін, намысын жанитын ұлттық ойынның бірі. Ер жігіт атпен шауып келе жатып, оның екпінін бәсеңдетпестен құрулы бақан үстіндегі нысананы атып құлатуға тиіс.