Пәтуада шариғат бойынша біржынысты қатынастардың харам екені атап көрсетілген.
"Ерлер мен әйелдердің біржынысты байланысқа түсуі шариғатта харам болып саналады. Бұл – ең ауыр күнәлардың бірі, шайтанның азғыруымен жасалатын, лағынетке ұшырайтын әрекет. Мұндай күнәнің ақыреттегі жазасы өте ауыр", – делінген пәтуа мәтінінде.
Сондай-ақ, оған Құран аяттары мен хадистерден дәлелдер келтірілген.
Пәтуада төмендегідей қағидалар бекітілген:
ЛГБТ+ қауымдастығына жататын тұлғалардың әрекеттері – харам. Бұл – адам табиғатына қайшы, шариғатқа толықтай қарсы қылық.
Жынысын ауыстырған немесе біржынысты қарым-қатынасқа барған адам – адасқан жан. Ол бұл әрекеті үшін Алланың қаһарына ұшырайды. Мұндай адам шынайы тәубеге келіп, күнәсінен арылуы тиіс.
Тәубе етпеген және жынысын ауыстырудан бас тартпаған адамның жаназасы шығарылмайды. Мұндай адамның ақыреттегі жазасы ауыр болады.
Сонымен қатар, ҚМДБ қоғамда ЛГБТ+ құндылықтарын насихаттауға қатысты алаңдаушылық білдірді. Шариғат және пәтуа бөлімі осындай насихаттың астарында отбасылық құндылықтарға қауіп төндіру мақсаты жатқанын атап өтіп, қоғамды сақ болуға шақырды.
ҚМДБ бұл мәселе бойынша өз ұстанымын айқындап, қоғамды осындай идеологиядан сақтануға шақыратынын мәлімдеді.