Бағдарламаға қатысуға өтінімдер 5 наурыздан 31 наурызға дейін қабылданады.
Ипотека шарттары қандай?
• Пайыздық мөлшерлеме:
• Әкімдік кезегінде тұрған әлеуметтік аз қамтылған азаматтар үшін – 7% (ЖТСМ 7,1%-9,6%).
• Баспанаға мұқтаж азаматтар, қандастар және өзге де санаттағы қазақстандықтар үшін – 9%.
• Егер несие сомасының 50%-ын жинақтасаңыз, мөлшерлеме 3,5%-5%-ға дейін төмендейді.
• Бастапқы жарна:
• Жаңа, жөндеуден өткен тұрғын үй үшін – 10%.
• Жөндеусіз жаңа баспана немесе екінші нарықтағы тұрғын үй үшін – 20%-дан бастап.
• Бірақ бастапқы жарна кемінде 2 млн теңге болуы керек.
• Несие мерзімі: 19 жылға дейін.
Бағдарламаға кімдер қатыса алады?
Соңғы 5 жылда өз атында жылжымайтын мүлкі болмаған кез келген қазақстандық қатыса алады.
Жасы: 18 бен 63 жас аралығында болу керек.
Қатысушы табысын қалай дәлелдейді?
Бағдарламаға қатысу үшін соңғы 6 айда тұрақты ресми табыс болуы шарт. Мұнда:
- Жалақы;
- Кәсіпкерлік қызметтен түскен кіріс;
- Ақылы қызмет көрсету арқылы тапқан табыс;
- Жәрдемақылар, стипендиялар мен тұрғын үй төлемдері есепке алынады.
Егер үміткердің табысы жеткіліксіз болса, екі кепілгер (қосымша қарыз алушы) тартуға болады. Олардың туыс болуы міндетті емес.
Атымда жылжымайтын мүлік болса не істеймін?
Соңғы 5 жылда қатысушының да, оның отбасы мүшелерінің де (жұбайы, балалары) атына тіркелген баспана болмауы қажет.
- Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың тек біреуі ғана қатыса алады.
- Егер үміткер некеде болмаса, оның ата-анасының үйі есепке алынбайды.
- Бағдарлама аясында үйді тек бір рет сатып алуға болады.