Бүгінде қазақтың дәстүрлі ән өнері қалай дамып жатыр? Заманауи әрлеу (оранжировка) әдісімен ескі әндердің екінші тынысын ашуға бола ма? Онлайн концерт кәдімгі сахнаны алмастыра ала ма? Дәстүрлі өнерді дамытуға ынталы жастар көп пе, аз ба? Міне, осы және өзге де сауалдар төңірегінде елге белгілі дәстүрлі әнші, домбырашы Айгүл Қосановамен тілдесудің сәті түскен еді...
- Дәстүрлі өнерді дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
- Біздің өнер академиясы мен консерваторияда сабақ беріп, дәріс оқуымыздың өзін дәстүрлі өнерді дамытып, насихаттаудың бір түрі, тіпті, ең негізгі жолы деп қарауға болатын сияқты. Өйткені, өз басым, шәкірт тәрбиелеу де үлкен жұмыс деп есептеймін. Өз білгеніңді өзгелерге үйрету – өнерді дәріптеудің нақ өзі.
- Жеке өміріңіз, отбасыңыз туралы да біле отырсақ...
- Шүкір отбасым, үш балам бар. Биыл қызымды ұзатып, күйеу балалы болдық, өрісіміз кеңейді.Сондай-ақ, ұлымыз мектеп бітірді.
- Қазақстанда дәстүрлі әншілерді ынталандыратын не бар деп ойлайсыз?
- Дәстүрлі ән бағытында білім алуға бел буған жан, ол – дәстүрді одан әрі жалғап, осы жолда зор жауапкершілік жүгін сезінетін адам деп ойлаймын. Мен ынталандыру дегенді адамның өзін-өзі қайрап, алдағы ұлы мұратқа дайындауы деп білемін. Сіз ынталандыру деп түрлі байқаулар мен үлкен жобаларды айтып отырған боларсыз... Өкінішке орай, ондай бізде жоқ. Бірақ, бұдан дәстүрлі өнерге қызығушы жастар қатары азайып жатқан жоқ.
- Қазір қай мамандық иесін алсақ та, бәрі блогер болып кеткенге ұқсайды. Ал, сіз ше? Әлеуметтік желіде жеке парақша жүргізесіз бе?
- Енді, әрине, қазіргі заман талабы мен уақыттың сұранысына сай менің жеке парақшам бар. Фейсбукте отырмаймын, бірақ инстаграм парақшамды өзім жүргіземін. Өте белсенді қолданушымын деп айта алмаймын. Оны тек өз шығармашылығыма ғана ашқан едім. Яғни, алда өтетін концерттерімнің жарнамасын (афиша) салуға пайдаланамын. Ал, күнделікті өмірде не істеп, не қойғанымды, не ішіп, не киіп жүргенімді салмауға тырысамын. Себебі, бұл – менің жеке өмірім болғандықтан, көпке ашып көрсетуге құлқым жоқ.
- Желі демекші, онлайн концерт сахнаны алмастыра ала ма?
- Бір кездері онлайн концерт беруге мәжбүр болдық. Әлемнің бәрі жабық болған пандемия кезінде солай жұмыс жасауға тура келді. Яғни, онлайн концерт бердік. Әрине, бұл сахна төрінде ән шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленуді немесе сезінуді алмастыра алмайды. Өйткені, ол жердегі эмоция, адамдардың сізге деген ықыласы, айтылған әннің тыңдарманға жетуі бұл – орны бөлек нәрсе. Сондықтан, ешқандай онлайн концерт сахнаны алмастыра алмайды.
- Дәстүрлі өнерді дамыту тек байқау өткізумен ғана шектеліп жатқан жоқ па? Жалпы, ән байқаулары сахнаға «конкурсный әнші балапандарды» ғана шығарып жүрген жоқ па?
- Негізі, конкурс деген – өте керемет дүние. Байқауға қатысқан адам ғана өз-өзіне деген сенімділігін арттырып, жауапкершілігін сезіне бастайды. Себебі, бұл жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығаратын, мүмкіндіктерді шамалайтын алаң. Үміткерлер ортақ тәртіпке бағынып, бойларындағы бар мүмкіндікті паш ете алады. Олар сахнада өздерін еркін ұстап үйренеді. Белгіленген ережеге сәйкес шығарманы ғана орындайды. Ал, бір әнді бірнеше адам жекелей айтып шыққан кезде орындаушының қай жерде қандай қате жібергені тайға таңба басқандай көрініп тұрады. Сондықтан байқаудың берері көп.
- Сөз соңында тыңдармандарыңызға айтар ұсыныс-тілегіңіз болса, мархабат...
- Көрермендерімізге шексіз алғысымызды білдіреміз. Өнер өлкесінде жүргеніміз сол кісілердің ыстық ықыласы мен жылы сөздерінің арқасы деп білемін. Сондықтан төл өнерімізідң өлмеуіне, керісінше, өрлеуіне себепкер болып жүрген тыңдармандарымыз көп болсын. Әркез елімізде тыныштық болғай. Қазақ әнінің туын көкте желбіретер болашақ ұрпағымыз аман болсын. Жақсы күндерде жолығайық. Сіздерге көп-көп рахмет!
- Алтындай қымбат уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге алғыс айтамыз. Өнеріңіз өрге жүзсін!