Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстан мен Италия арасындағы тығыз әріптестік түрлі салада қарқынды дамып келеді.
"Мен Италияға жасаған сапарымды жылы естеліктермен еске аламын. Сіздің қонақжайлығыңыз бен келіссөздер үшін барлық жағдайды жасауыңыз сапардың аса сәтті өтуіне ықпал етті. Бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастық түрлі бағытта нығайып келеді. Қазақстан нарығында көптеген италиялық компаниялар жұмыс істейді. Сонымен қатар, мәдени-гуманитарлық байланыстар да қарқынды дамуда. Сондықтан Қазақстан мен Италия арасындағы қарым-қатынасты өте берік деп санаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Серджо Маттарелла екіжақты байланыстардың жоғары деңгейін атап өтіп, Қазақстан мен Италия арасында стратегиялық серіктестікті кеңейтуге зор мүмкіндік бар екенін айтты.
"Бізде барлық салада – саясатта, экономикада, саудада және мәдениетте тамаша қарым-қатынастар қалыптасқан", – деді Италия президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Италия Қазақстанның үшінші ірі сауда серіктесі және еліміздегі бес негізгі инвестордың қатарына кіреді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 20 миллиард долларды құрады. Бұл туралы президент өз әлеуметтік желідегі парақшаларында бөлісті.
Бұған дейін 9 наурызда Италия президентінің ұшағы Астана әуежайына қонғанын хабарлаған едік.