Жаңалықтар

Олжас Бектенов: Біздің міндетіміз – бизнес пен экономиканың тұрақты өсуі үшін жағдай жасау

Петропавлда өткен Премьер-министр Олжас Бектеновтің бизнес қоғамдастықпен кездесуіне кәсіпкерліктің әртүрлі салаларының 60-қа жуық өкілі, микробизнес және жеке кәсіпкерлік өкілдері қатысты,- деп хабарлайды newsroom.kz

Отырысты ашқан Олжас Бектенов басқосудың басты мақсаты салық-бюджет реформасына қатысты тәсілдерді жан-жақты талқылау, сондай-ақ қоғамда пікірталас тудырып отырған сұрақтарға жауап беру екенін айтты.

Үкімет басшысы салық жүйесіндегі кез келген өзгерістердің, ең алдымен бизнеске қатысы барын, алайда мемлекет тұрақты инвестициялық ахуалды қамтамасыз етуге мүдделі екенін жеткізді.

«Қазіргі уақытта бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту бағытында жұмыс істеу қажет. Осыған дейін даму бюджетінің деңгейі төмен болды. Салық мөлшерлемелерін төмендету және көптеген жеңілдіктерді енгізу туралы бұрын қабылданған шешімдер мемлекеттік шығыстардың кірістерден айтарлықтай асып түсетін бюджеттің теңгерімсіздігіне әкелді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бюджетті теңдестірудің сценарийлері шектеулі. Оның бір нұсқасы – Ұлттық қорды тапшылықты жабуға пайдалану, бірақ бұл тәсіл оның тез түгесілуіне алып келеді. Балама жол – әлеуметтік шығыстарды қысқарту, олар мемлекеттік бюджеттің 60%-ын құрайды. Дегенмен, Премьер-министр атап өткендей, Қазақстан әлеуметтік мемлекет және өз міндеттемелерін орындайтын болады.

«Оңтайлы нұсқа – бюджеттің кіріс бөлігімен жұмыс істеу, яғни салық мөлшерлемелерін түзету және салық режимдерін қайта қарау» деген Олжас Бектенов Үкімет осы тәсілді ұстанатынын атап өтті.

Алдағы өзгерістер теңгерімді бюджетке қол жеткізіп, елдің экономикалық тұрақтылығын нығайтады деп күтілуде.

Үкімет жетекшісі қаражаттың экономикаға қайта құйылатынын, бизнесті қолдауға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталатынын атап өтті. Олар мемлекеттік аппаратты кеңейтуге бағытталмайды.

«Біздің міндетіміз – бизнес пен экономиканың тұрақты өсуі үшін жағдай жасау. Бюджеттің қосымша кірістері бизнестің өзі ұсынатын жобаларды қаржыландыруға жұмсалады. Заманауи инфрақұрылымсыз, энергия көздері, жылу және электр желілерісіз бизнес дамымайды. Энергия көздерінің тапшылығы көбінесе жаңа жобаларды іске асыруға кедергі болады», — деді Олжас Бектенов.


Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин кездесуге қатысушыларға салық және бюджет реформасы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Атап айтқанда, сараланған ҚҚС мөлшерлемесі: 16% - базалық, 10% - жекелеген салалар үшін  және 0% - АӨК үшін, сондай-ақ бірқатар арнайы салық режимдерін реформалау және ҚҚС бойынша есепке алу шегін төмендету туралы хабардар етті.