Қазақстанда дәмі тауыққа ұқсас балық "хит" болуда
Қазақстанда дәмі тауыққа ұқсас балық "хит" болуда, - деп хабарлайды newsroom.kz
Қазақстанда дәмі тауыққа ұқсас балық "хит" болуда. Байырғы балықшы, бүгінде зейнеткер Болат Абдулов екі жыл бұрын Атырау облысы Құрманғазы ауданы Жыланды ауылында өзінің тоған шаруашылығын ашқан болатын. Өткен жылдың жазында ол Африкадан кларий жайындарының шабақтарын өсіру бойынша эксперименттік жобаны жүзеге асырды. Оның нәтижесі кәсіпкерді жігерлендіре түсті!
Болат Абдулов бүкіл өмірін балық саласына арнаған жан деуге болады. Атақты Шортанбай балық зауытына жас жұмысшы болып орналасып, еңбек өтілінің барлық баспалдағынан өтті: цех бастығы, директордың орынбасары, ақыры балық зауытының басшысы болды. Сол кезде кәсіпорын өнімдері бүкіл әлемге сатылған еді.
Қырық жылдан астам жұмыс уақытында ол мол білім мен зор білік жинады. Сондықтан зейнеткерлікке шыққан кезде сол жиған-терген тәжірибесін іске асыруға бел буды. Сөйтіп, «Абдулов К.» шаруа қожалығын ашты. Бүгінгі таңда мұнда балық өсіруге арналған екі тоған бар, үшіншісін ашу – жоспарда.
Өткен жылы балықшыны тоғандағы балық шаруашылығында танымал болып келе жатқан африкалық жайындарды өсіруге қызығушылық таныта бастады. Бұл балық қарапайым күтімімен және тез өсуімен ерекшеленеді. Кейіпкеріміздің айтуынша, бүгінде балықтың бұл түрі Еуропа мен ТМД елдерінде де көп өсіріледі екен. Қазақстанда да қолға алынған.
Болат Абдулов көрші Ақтау қаласынан ерекше балықтың шабақтарын сатып алғанын айтады. Ол тәжірибелік мақсатта салмағы 2,5 грамм, ұзындығы 1,5 сантиметр болатын 25 мың шабақ алыпты. Оларды екі тоғанға салып, күнделікті тамағын беріп, күтіп-баптаған. Нәтижесінде, айналдырған бес айдың ішінде әлгі шабақтар 800 грамнан 1,5 келіге дейін тәп-тәуір салмақ жинап алған. Ауа райы ыстық жерден шыққан балық біздегі салқынға төзімсіз келетіні айтпаса да түсінікті жайт қой. Тиісінше, шабақтар да маусым-қазан айлары аралығында өсірілді. Балық өнімдерінің бәрі де ел аумағында және көршілес Ресейде өз тұтынушысын тапты. Енді балықшы бұл кәсіппен мықтап айналысуды жоспарлап отыр.
– Біздің шаруашылық балық өңдеумен айналысады. Яғни, біз жергілікті балық аулау кооперативтерінен су маржанын сатып аламыз да, одан кептірілген, тұздалған және мұздатылған балық өнімдерін жасап, саудаға шығарамыз. Болашақта біз терең өңдеумен айналысып, дайын өнімдерді сатылымға шығарғымыз келеді. Соның бір айғағы, Атырау өңірінде алғашқы болып Құрманғазы ауданында африкалық жайын балығын өсіруді қолға алып жатрмыз. Сонымен қатар, біз тұқы балығын өсіруді де жоспарлап отырмыз", – дейді Б.Абдулов.
Біздің кейіпкер – балықшылардың ұрпағы. Оның атасы Каспий теңізінде балық аулаған, ал, әкесі өмір бойы Шортанбай балық зауытында жұмыс жасаған.
– Менің әкем де, атам да балық аулаған. Енді олардың ұрпағы, яғни, біз сол су маржанын көбейтуді ойға алдық. Ұлым «Балық өсір» мамандығы бойынша білім алды. Ол біздің фермада жұмыс істейді, аталарының ісін жалғап келе жатыр. Бұл – отбасылық бизнес. Мемлекеттен көмек бар: өткен жылы төмен пайыз жеңілдікпен несие алдық. Егер мемлекеттік қолдау арта берсе, онда тоған шаруашылығымен айналысушылар да көбейе түсетіні анық, - дейді сұхбаттасушымыз.