Парентеральды вирустық гепатиттер көбіне созылмалы гепатит, цирроз және бауырдың бастапқы обырына себепші болады. В және С вирустары тудыратын гепатиттер жиі кездеседі,-деп хабарлайды Newsroom.kz тілшісі.
В гепатиті вирусы сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталады, ал С гепатитінің төзімділігі төмен болғанымен, қанмен және басқа биологиялық сұйықтықтармен ластанған заттар арқылы жұғуы мүмкін.
Инфекция көзі – аурудың жіті және созылмалы түрімен ауыратын науқастар мен тасымалдаушылар. Вирус қан, шәует, сілекей арқылы беріледі. Сондай-ақ, жыныстық қатынас, ортақ тұрмыстық заттарды (ұстара, тіс щеткасы, сүлгі) қолдану да жұқтыру қаупін арттырады.
Гепатиттің таралуын болдырмау үшін қан құю және медициналық процедуралар кезінде сақтық шаралары қатаң сақталады. Барлық донорлар В және С гепатитіне тексеріліп, соңғы 6 ай ішінде науқастармен байланыста болған адамдар донорлыққа жіберілмейді.
Парентеральды гепатиттің алдын алу үшін бір рет қолданылатын құралдарды пайдалану, медициналық құрал-саймандарды стерилизациялау және дезинфекциялау қажет. Бұл талаптар косметикалық процедураларға да қатысты.
Жеке гигиена ережелерін сақтау (ұстара, тіс щеткасы, тарақты жеке қолдану), жарақаттардың алдын алу, кездейсоқ жыныстық байланыстардан сақтану және контрацептивтерді қолдану инфекция жұқтыру қаупін азайтады.
Медициналық мекемелерде эпидемияға қарсы шаралар сақталуы тиіс. В гепатитінің алдын алудың ең тиімді әдісі – вакцинация, ал С гепатитіне қарсы вакцина жоқ, сондықтан жалпы сақтық шараларын ұстану маңызды.
Гепатит парентеральды жолмен (инъекциялар, татуировка, маникюр, стоматологиялық және косметикалық процедуралар) жұғуы мүмкін, әсіресе стерильдік талаптар сақталмаса. Сонымен қатар, ауру қан құю, ағза трансплантациясы, анадан балаға берілу және есірткі қолдану кезінде таралуы мүмкін.
Автор: Айгүл Катренова – ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы