Мәжіліс депутаттары АҚШ үкіметіне Алматы қаласында консулдық мекеме ғимаратын салу үшін 49 ;sk5f жер учаскесін жалға беру туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасын қарауға қабылдады.
Депутат Айгүл Құспанның айтуынша, аталған келісім өткен жылы 27 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында қол қойылған.
"Келісімнің мақсаты – АҚШ үкіметіне Алматы қаласында консулдық мекеме ғимаратын салу және пайдалану үшін 70 мың шаршы метрден астам жер учаскесін 49 жыл мерзімге жалға беру. Келісімнің ережелерінде жер учаскесін беру тәртібі мен шарттары айқындалған. Комитет бұл заң жобасын қарауға және қорытынды дайындауға дайын. Қолдауды сұраймын", – деді Құспан Мәжілістің пленарлық отырысында.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті заң жобасы бойынша қорытынды дайындайды. Құжат палатадағы келесі отырыстарда талқыланатын болады.