Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Мұхтар Шаханов Мұхтар Мағауиннің қазасына байланысты көңіл айтты

Ақын, драматург, Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шаханов Мұхтар Мағауиннің қазасына байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды newsroom.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап

Мұхтар Шаханов Мұхтар Мағауиннің қазасына байланысты көңіл айтты
ulysmedia.kz

Қазақ әдебиетінің үлкен бәйтерегі құлады. Мұхтар Мағауин – өмір бойы ұлттың тарихына еңбек еткен адам. Осыған орай бүкіл қазақ халқына көңіл айтамын, деді Шаханов.

Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауин 10 қаңтарда (Астана уақыты бойынша) 85 жасына қараған шағында өмірден өтті. Қаралы хабарды жазушының ұлы Едіге Мағауин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Қазақ жұртшылығы Халық жазушысы Мұхтар Мағауинді жоқтады. 

ИСАБЕКОВ МАҒАУИННЕН КЕШІРІМ СҰРАДЫ

Жазушы-драматург Дулат Исабеков Мұхтар Мағауиннің қазасына қатысты пікір білдіріп, кезінде баспасөз бетінде өзімен айтысқан ұлы жазушының ұлт алдындағы жақсылығын айтып, әруағынан кешірім сұрады. 

Бұл туралы жазушы Д.Исабеков “Хабар” телеарнасының “7 күн” сараптамалық бағдарламасына берген сұхбатында айтты.

“Мұхтар Мағауиннің қазасын естігенде отырып қалдым. Ойпырым-ай, кеше ғана сау адам сияқты еді, екеуіміз айтысып жүр едік қой. Бұл қалай болғаны? Тіршілігіңде өлмейтіндей жүреді екенсің”, деді жазушы-драматург.

Исабеков Мағауинді ұзақ жасайды, өзінен кейін өмірден өтетін шығар деп ойлаған екен.

“Қайтыс болады деген ойымда жоқ еді. Кейде Мұхаңды “Әй, менен кейін қайтыс болатын шығар” деп ойлайтынмын”, деп сөзін жалғады жазушы.

Сөз соңында Исабеков кезінде Мағауинмен өзімен баспасөз бетінде біраз айтысқанын еске түсіріп, кешірім сұрады. Және де қазақ халқына үлкен әдеби, рухани олжа қалдырып кеткенін атап өтті.

Еске сала кетсек, кезінде Мұхтар Мағауин мен Дулат Исабеков өздерінің шығармашылық ұстанымдарына байланысты отандық басылым беттерінде ұзақ уақыт жазбаша айтысқан еді. Қазақ әдебиетіндегі мүйізі қарағайдан екі алыптың “айқасы” шығармашыл ортада қызу талқыланды. Тіпті жазушылардың қатты кеткен тұстары да болды.