ҚҰДАЙ ӨЛГЕН БЕ?
«Құдай өлді. Құдай әлі де өлген күйінде. Оны өлтірген – біз», – деп жазды Фридрих Ницше 1882 жылы.
Неміс философы Фридрих Ницше бұл айтулы сөзі арқылы адамзаттың, моральдың және жалпы қоғамның келбеті қалай өзгеріп жатқанын көрсетуге тырысты. Осы мәселеге тереңірек үңілу мақсатында профессор Стивен Хикспен бірлесіп жасалған Sprouts атты арнайы жоба дайындаған Ницшенің «Құдай өлді» деген сөзі нені білдіретінін, оның адамға, қоғамға және моральға қатысты қандай ой түйіндегенін талқылап көреміз.
«Құдай өлді» деген ұғымды қалай түсінуге болады?
Мыңдаған жылдар бойы адамдар дінге сенді. Дін оларға өмірдің мәнін сезіндіріп, әлемнің біртұтас құрылымын мойындатты: бәрінің өз мақсаты бар, әрбір жан үлкен бір Жаратушының жоспарына кіреді деген сенім қалыптасты. Діннің арқасында адам өзін қамқорлықта, қауіпсіздікте сезінді; өлімнен кейін де мәңгілік бақытқа кенелеміз деген жұбаныш тапты.
Алайда заманауи әлемде ғылымның қарыштап дамуы, феодалдық қатынастардың күйреуі және сыни ойлаудың өрістеуі діннің бұрынғыдай билік етуіне кедергі жасады. Ғылым дін «монополиямен» жауап беріп келген көптеген сұрақтарға басқа, көбіне жайсыздау жауаптар ұсынды. Адам баласы енді сыртқы күштердің айтқанымен ғана жүрмей, өз бетінше талдау жасап, шешім қабылдау мүмкіндігіне ие болды.
Тарихи өлшеммен алсақ, бұл өзгерістер көз ілеспес жылдамдықпен жүрді. Мыңжылдықтар бойы дінге сенген адам XIX ғасырда-ақ «дін өз шыңына жетті, енді құлдырайды» деген идеямен таныса бастады. Бұл талайы үшін шошындыратын жаңалық еді.
Діннен ажыраған қоғамның күйі
Мұны түсіну үшін мына көріністі елестетейік. Түн ортасында он үш жасар жасөспірімді бейтаныс адамдар оятып, оның ата-анасының кенеттен қайтыс болғанын хабарлайды. Баланың ес білгеннен бері қасында болған ата-ана енді жоқ. Бұған дейін олар барлық мәселеде демеу көрсетіп, бас-көз болып келсе, енді ол жалғыз қалып отыр. Оның бұл күрт өзгеріске қалай бейімделетіні беймәлім.
Мәдениет тұрғысынан алсақ, біз де дәл сол балаға ұқсаймыз. Бұрнағы замандарда қоғам «Құдайды» өмірлік тірек ретінде көрді. Құдай адамзаттың «ата-анасы» секілді болып, қорған болып, жөн сілтеді. Ал қазір «Құдайдың өлгенін» мойындасақ, кенеттен «жетім» атанғандай күй кешеміз. Таңертең ұйқыдан оянып, жүрегіміздің түкпірінде жас кезіміздегі аңғал діни сенім әлдеқашан өшіп қалғанын аңғарамыз. Сөйтіп, еріксіз «Құдайсыз және дінсіз өмір сүруге дайынбыз ба?» деген сұрақ туындайды.
XIX ғасырда бұл сұраққа жауап беруге, тіпті оны ашық талқылауға көпшілік дайын емес еді. Бүгінде де адамдардың бір бөлігі «дінсіз өмір мүмкін емес» деген оймен бұл тақырыпты айналып өтуге тырысады. Себебі діннің жоқтығы – қорқынышты бос кеңістік сияқты көрінуі мүмкін. Сондықтан біреулер қауіпсіз жолды таңдап, бұрыннан үйренген сенім ұстанымдарын қайталаумен шектеледі.
Дін мен социализм: түпкі ұқсастықтар
XIX ғасыр соңында социализм идеялары белсенді түрде таралды. Олардың бір бөлігі «Құдай өлді» деген Ницше тұжырымымен келісетін. Бірақ діннің орнын мемлекет иемденеді деген ойды жақтайтындар аз болған жоқ:
«Құдіретті мемлекет халыққа қамқор болсын, қатал дүниеден қорғап, әділдікті орнатсын».
Ницше дінді де, социализмді де сынай отырып, екеуінің ортақ түйіндерін атап көрсетеді.
Иудео-христиандық көзқарас:
«Бұл дүние – күнәға батқан әлем. Әлсіздер үнемі мықтылардың езгісінде, сол үшін біз Құдайға және айналамыздағы адамдарға қызмет етуіміз керек. Болашақта Құдай рақымымен жұмақ орнайды, барлық әділетсіздік жойылады» деген идеяға сүйенеді.
Социалистік көзқарас:
«Бұл қоғам – қанау мен әділетсіздікке толы. Әлсіздер мықтылардың қолында құрбан болып жатыр. Сондықтан өз мүддеңді ойламай, мұқтаж жандарға көмектесу керек. Тарихтың ілгерілеуімен әділетті социалистік жүйе орнайды, ал зұлым қанаушылар жойылады» дегенге сенеді.
Демек, дін мен социализмнің негізгі ұстанымында әлсізге деген жанашырлық пен «тепе-теңдікке» ұмтылу басым. Екеуі де өмірдің қаталдығына, қоғамның тең емес жағдайына, табиғи іріктелімге бір қарапайым жауап ұсынады:
«Жақсы бала бол, әлсіздерге көмек көрсет, біреулер (Құдай немесе мемлекет) бәрібір сенің арқаңды тіреп тұрады».
Ал Ницше:
«Шынайы батырлар қайда? Мұзды шың басында жалғыз тұрып, ештеңеден қаймықпайтындар бар ма? Тіршілік етудің қатыгез шындығына тікелей қарап, сескенбейтіндер кімдер?»
– деп сауал тастайды.
Ницше және оның көзқарасы
Фридрих Ницше 1844 жылы дүниеге келді. Ол шіркеуді сынап қана қоймай, социализмді, ұлтшылдықты және антисемитизмді де аяусыз сынға алған. Осы принципті ұстанымы салдарынан ол біраз достарынан теріс айналып, тіпті өзінің туған қарындасымен де араздасып кетеді. Себебі қарындасы атышулы антисемитке тұрмысқа шыққан болатын, ал Ницшенің адамгершілік ұстанымында антисемитизмге орын жоқ еді.
Ницше адам мен қоғам, мораль мен еркіндік жайлы терең ой қозғап, ежелден қалыптасқан догмаларды қайта таразылады. «Құдай өлді» деген сөйлем – осы құндылықтарды түбегейлі қайта бағалауға бастайтын бір ғана тұс.
Енді сұрақ туындайды:
Сіз Ницшенің бұл дүниетанымымен келісесіз бе? «Құдай өлді» деген пікір сіздің көзқарасыңызға қаншалықты үйлеседі?
Оның «діннен кейінгі» әлемді сипаттауы, мемлекеттің немесе басқа институттардың «Құдайдың» орнын баспақ болуы және жалпы адамның еркіндікті қалай сезіну керектігі туралы ойлары бүгінде де өзекті.
Фридрих Ницшенің «Құдай өлді» деген сөзі – жай ғана арандатушылық тұжырым емес. Ол адамдардың ғасырлар бойы сенген рухани таянышы шайқалған кезде туындайтын жан күйзелісін, дағдарысын көрсетеді. Бұл – дінді түбегейлі жоққа шығару емес, керісінше, бұрынғы көзқарастар мен құндылықтарды қайта қарауға, қайта бағалауға деген шақыру.
Ницше бізді сыртқы күшке ғана сеніп қалмай, өз болмысымызды жаңа қырынан тануға үндейді.
«Нағыз адам өз еркінен күш алады. Ол қоғамның, діннің, тіпті мемлекеттің бұйрығына көзсіз бағынбайды, керісінше өмірдің қатал шындығына тура қарап, соны еңсеру арқылы рухани биіктікке жетеді», – деп түсіндіруге болады оның басты идеясын.
Ал сіздің ойыңыз қандай? XXI ғасырда біз «Құдай» жоқ әлемге дайынбыз ба, жоқ әлде жаңа тұрпаттағы сенім жүйесі бәрібір қажет пе?
Егер сіз осы мақала сізді қызықтырған болса, онда біздің әлеуметтік желідегі парақшаларыма жазылып, басқа да тақырыптар бойынша мақалаларымызды оқи аласыздар және ұсыныс бере аласыздар.